Шетелден келетін сәлемдемеге қандай жағдайда кедендік декларация талап етіледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер комитетінде халықаралық пошта жөнелтілімдерінің салмағы мен құны бойынша қандай шекті мөлшері белгіленгенін еске салды. Егер бұл жөнелтілім шекті мөлшерден аспаса, кедендік декларацияны тапсырудың қажеті жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитеттің түсіндіруінше, ҚР Кеден кодексінің 3-бабы 1-тармағының 57-тармақшасына сәйкес халықаралық пошта жөнелтілімдері - Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта алмасу объектілері саналады, ЕАЭО кедендік аумағының шегінен тыс халықаралық пошта алмасу орындарынан, немесе ЕАЭО кедендік аумағына халықаралық пошта алмасу мекемелеріне түседі не ЕАЭО кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетін сәлемдемелер мен жазбаша хат-хабар Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттармен алып жүріледі.

«Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды ЕАЭО кеден шекарасы арқылы өткізу тәртібі Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 37 және 40-тарауларымен, кодекстің 39 және 42-тарауларында, №107 шешімде, «Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттарды кедендік декларация ретінде пайдалану тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №310 шешімінде айқындалған.

Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар халықаралық пошта алмасу орындарында (Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №277 бұйрығымен айқындалған) не кеден органы айқындаған өзге де орындарда жасалады», делінген хабарламада.

Халықаралық пошта жөнелтілімімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауар жолаушының кедендік декларациясын қолдана отырып, кедендік декларациялауға жатады.

«Халықаралық пошта жөнелтілімдерінде өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау, жеке пайдалануға арналған тауарларды жөнелтуші немесе алушы болып табылатын жеке тұлға тұрақты немесе уақытша тұратын не уақытша болатын ЕАЭО-ға мүше мемлекетте жүзеге асырылады.

Зағиптарға арналған аэрограммалар, хаттар, пошта карталары және жөнелтімдер кедендік декларациясыз және кедендік рәсімдерге орналастырусыз кеден органының рұқсатымен ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.

Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды шығаруды кеден органы кедендік баждар, салықтар төленгенге дейін жүргізеді», делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, құны 200 еуродан асатын немесе салмағы 31 келіден асатын тауарларға шетелден тапсырыс берген кезде, құн шегінен асып кету бөлігінде, нормадан 15% мөлшерінде, бірақ 1 келі үшін 2 еуродан кем емес баж төленуі керек, мысалы, егер пакеттің құны 300 еуро, ал салмағы 31 келі болса, онда баж 100 еуроға төленуі керек, бұл 15 еуро. Салмақ бөлігінен асып кеткен кезде, мысалы, егер сәлемдеменің салмағы 35 келі болса, баж салмақ шегінен (яғни 4 кг-нан) асып, 8 еуроны құрайды.

«Баж алу үшін негіз ретінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тауарларды өткізу жиілігін есепке алмағанда, әрбір жеке селемдеме салмағы мен құны қаралады. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың құнына оларды тасымалдау және сақтандыру жөніндегі шығыстар енгізілмейді.

Егер жөнелтілімнің салмағы мен құны шекті мөлшерден аспаса, кедендік декларацияны тапсырудың қажеті жоқ.

Жолаушылар кедендік декларациясын эектронды түрде тапсыруға болады. Ондай мүмкіндік «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылған, жүйеде ЕАЭО шекарасынан өткенге дейін жолаушылар кедендік декларациясын ұсынуға болады», делінген хабарламада.

«АСТАНА-1» жүйесінде жолаушылар кедендік декларациясын тапсыру үшін жеке тұлғаларға мыналар қажет: тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне өтініш жолдау арқылы логин мен құпиясөз алу; жеке басын сәйкестендіру үшін ЭЦҚ.


Соңғы жаңалықтар