Шетелден көлік әкелемін деп 106 млн теңгені иемденген күдікті Ресейден экстрадицияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратура аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Тергеу дерегінше, күдікті 2021-2022 жылдары шетелден автокөлік сатып алып, жеткізіп беремін деген сылтаумен үш адамды алдаған.

Ол жәбірленушілердің жалпы сомасы 106 млн теңгеден астам қаражатын иемденді деген күдікке ілінген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.

– Ағымдағы жылдың наурыз айында ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.

Тағылып отырған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетейік, бұған дейін де шетелдік көліктерді сататыны туралы жалған жарнама жариялап, жеті азаматтың ақшасын иемденді деген күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланған болатын.