Шетелден санавиациямен елге қанша адам жеткізілді

Иллюстративті фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ онкология институтының хабарлауынша, Қазақстан посткеңестік кеңістікте санитарлық авиация жүйесі дамып келе жатқан санаулы ғана елдердің бірі, деп мәлімдеді Шұғыл медицина ұлттық үйлестіру орталығының басшысы Ержан Әділбеков.

- Жуырда ғана Мысырға арнайы рейс барып қайтты. Ол жақтан инсульт алған әйел жеткізілді. Өкінішке қарай, онкологиялық ауруы үшінші, төртінші деңгейге жеткен, яғни әбден асқынған еліміздің азаматтары ем алу үшін Корея, Түркия сияқты елдерге барып жатады. Олар онда өз аяғымен барады да, жағдайы нашарлаған соң біз оларды елге алып келеміз, - деді Әділбеков.

Оның сөзінше, отандық онкологиялық көмек халықаралық стандарттарға сай және шетелдікінен еш кем емес.

Ауруды тасымалдау медициналық көрсеткіштер мен техникалық мүмкіндіктерге қарай жүзеге асырылады. Пациентті елге қайтару мәселесін әрбір жағдайды бөлек бағалайтын арнайы комиссия шешеді.

- Біз барлығын бірдей эвакуациялай алмаймыз. Пациенттің жағдайы сәйкес келуі тиіс нақты талаптар бар,- деп қосты орталық жетекшісі.

2025 жылы Қазақстанға шетелдерден санавиациямен 5 адам жеткізілді. Орташа есепен алғанда жағдайы ауыр 15 науқасты жеткізуге болады.

Осыған дейін нәрестені Өскеменнен Риддерге санавиациямен жеткізгені туралы жаздық.