Шетелден тасымалданатын Shine muscat жүзімі зертханада тексеріледі – министр

Фото: lalafo.kg

АСТАНА. KAZINFORM — Шетелден жеткізіліп жатқан Shine muscat жүзімі зетханада тағы бір тексеріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен жиыннан кейін тілшілер министрге: «Елімізге шетелден жеткізіліп жатқан Shine muscat жүзімінің құрамындағы нитраттар тесерілді ме?» - деген сұрақ қойды.

«Өнім елімізге тасымалданған кезде біз сертификаттарға қараймыз және олардың талаптарға сәйкестігін тексереміз. Біздің мамандар міндетті түрде сынамаларды алып, зертханаға тапсыратынын білесіз. Егер осы өнімге қатысты мәселе көтеріп отырсаңыздар, оны қайтадан тексеріп көрейік. Тиісті өтінішті жолдаңыздар», - деді А. Сапаров.

Оның айтуынша, қазір елімізде шетелден келетін өнімдерді тыңғылықты тексеру үшін зертханаларға жаңа құрал-жабдықтар орнатылады.

«Бұл жүзімнің дәмін татып көрмеппін. Бірақ оны алып, тағы тексеріп көрейік, бүгін осы жүзімге қатысты сынамалар алуға тапсырма беремін. Менің ойымша, шекарадан осы жүзім өтіп жатса, құжаттары болса, зертханада тексерілсе, зиянды деп санамаймын. Егер заңсыз жолмен жеткізілсе, ол - басқа мәселе. Сондықтан тағы бір сараптама жасап, нәтижесін жариялаймыз», - деді министр.

Бұған дейін қазір Дубай шоколады, Шайн мускат жүзімі трендтегі тағамға айналғанын жазған едік.

Shine muscat жүзімінің сұрыпы — Жапониядағы Жеміс ағаштары ғылыми институтының еңбегі. Деректерге сүйенсек, жеміс 130-140 күнде піседі. Тамыз айының екінші жартысында жиналса, өзге елдерге күзде жеткізіледі.