Шетелдерде қосымша сайлау учаскелері ашылды - ҚР СІМ ресми өкілі

None
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына байланысты шетелдерде қосымша сайлау учаскелері ашылды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбиболлаев мәлім етті.

«Шетелдегі Қазақстан азаматтарының сайлау науқаны барысында өз конституциялық құқықтарын іске асыру туралы өтініштеріне байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына тиесілі өтінім жасаған болатын. Осы уақытқа дейін Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің жанында 35 сайлау учаскесі болатын. Бүгінде олардың саны тағы 21-ге арттырылып, 56-ға жеткізілді», - деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, сайлау учаскелері Қазақстанның барлық елшіліктерінде ашылады. «Шетелдегі барлық сайлау учаскелері 15 қаңтардағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізуге толығымен дайын», - деп түйіндеді А. Әбиболлаев.