Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Астана халықаралық форумы, Италиядағы бизнес-форум және Иранмен ынтымақтастық

АСТАНА ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Астана халықаралық форумы, Италиядағы бизнес-форум, Ресей, Қазақстан, Түрікменстанның жүк тасымалдау бойынша кәсіпорын құратыны, Қазақстанның Иранмен экономикалық байланысы туралы материалдар жарияланған. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Iran Front Page: Иран мен Қазақстан екіжақты қатынастарды дамыту үшін өзара түсіністік туралы 5 меморандумға қол қойды

27 сәуірде Iran Front Page басылымы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Иранға сапары туралы жазды. Сапар барысында ол Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен кездесіп, екі тарап спорт, кеден, жастар және туризм салалары бойынша келісімге қол қойды.

Фото: ifpnews.com

Басылымның жазуынша, екі ел арасындағы сауда көлемі 20 пайызға артып, 3 млрд долларға жеткен. Премьер-министр Смайыловтың Иранға сапары барысында бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға дейін арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Сонымен қоса кездесу кезінде Мохбер экономикалық қарым-қатынастарды жақсарту үшін Иран мен Қазақстан арасындағы уақытша жол картасын тезірек әзірлеу туралы шешім қабылданғанын да атап өткен.

Caspian news: Ресей, Қазақстан, Түрікменстан жүк тасымалдау бойынша күш біріктірмек

23 сәуір күніCaspian newsбасылымында жарияланған мақалада Қазақстан, Ресей, және Түрікменстан арасында жүк тасымалын дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойылғаны жазылған.

«TransRussia 2023» көлік-логистикалық қызметтердің 27-халықаралық көрмесі аясында «KTZ Express» АҚ, «РЖД Логистика» АҚ және «Түрікменстанның көлік-логистикалық орталығы» ААҚ арасында арнайы меморандумға қол қойылды»,-делінген мақалада.

Фото: caspiannews.com

Бұл бірлескен кәсіпорын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің (МКТС) шығыс бағытында теміржол жүк тасымалымен айналыспақ.

Xinhuanet: Қытай-Қазақстан шекарасында жартылай марафон өтті

26 сәуір күні Xinhuanetбасылымында Қытай мен Қазақстан шекарасы маңындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығында трансшекаралық жартылай марафон өткені жазылған. Жарысқа екі елден 1000-ға жуық желаяқ қатысқан.

Фото: centremultisports.org

NewStraitsTimes:Қазақстандағы мультимәдениеттің ұтымды тұстары

26 сәуірде NewStraitsTimesбасылымындаҚазақстан Республикасы Малайзиядағы елшілігінің екінші хатшысы – баспасөз-атташесі Айман Төребекованың Қазақстан мен Малайзияның қарым-қатынасы, мәдени байланысы, түрлі ұлыс пен ұлтты ұйытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жайлы мақаласы жарық көрген.

«Қазақстан мен Малайзияның бай тарихи өткені мемлекеттердің тек әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына ғана емес, этносаралық қатынастардың да нығаюына мүмкіндік беріп отыр. Қос ел де этникалық мәдениеттерді басқару, сақтау және дамытуда үлкен жетістіктерге жетті»,-деп жазады автор.

Фото: nst.com.my

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жұмыс істейтінін, еліміздің барлық этностарының мүддесін қорғайтынын, әрі Парламентте де тұрақты орны бар екенін тілге тиек еткен. «Бұл – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті наихаттайтын бірегей институт»,-деп жазады Айман Төребекова.

Agenzia Nova: Миландағы бизнес форум: Қазақстан экономикасына итальяндық инвестицияны тарту

Сәуірдің 26-сы күні итальяндық Agenzia Nova сайтында жарияланған мақалада «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы, Қазақстанның Италиядағы Елшілігі және Қазақстан-Италия Сауда-өнеркәсіп палатасының ұйымдастыруымен Миланда өткен Қазақстан-Италия бизнес-форумы туралы айтылады.

«Елдегі итальяндық инвестиция ең алдымен, көмірсутек секторына бағытталғанымен, жаңа технологиялар, агробизнес және тері өңдеу сияқты басқа секторлар да өзекті бола бастады», - делінген мақалада.

Басылымның жазуынша, форумға Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі итальяндық компаниялардың өкілдері қатысқан.

Mehr News Agency: Иран мен Қазақстан экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі

27 сәуірде ирандық Mehr News AgencyагенттігіТегеранда Иран Президенті Эбрахим Раиси мен Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың кездесуі туралы жазды.

Басылымның жазуынша, Иран Президенті Қазақстан Еуразиялық одақтың ықпалды елдерінің бірі екенін айтып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі арттыру қажет деп атап өткен.

Фото: en.mehrnews.com

Сонымен бірге Иран басшысы екі ел арасындағы мәдени және өркениеттік қарым-қатынастардың дамуына назар аудару керегін, осы саладағы қарым-қатынастарды дамыту үшін мәдениет жөніндегі ортақ комитет құруды ұсынған.

Azernews:Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асатын жобалардың маңызына мән беруде

25 сәуірде жарияланған мақалада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте көтерілген ауыл шаруашылығы төңірегіндегі мәселелер туралы жазылған. Онда ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 536 млрд теңге (1,18 млрд доллар) болатын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатқаны, биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие көлемі 140 миллиард теңгеге (309,88 миллион доллар) дейін өскені, сондай-ақ диқандарға жеңілдетілген бағамен егін егу үшін 419 мың тонна дизель отыны бөлінгені, егін жинауға тағы 400 мың тонна жанармай бөлінетіні жөнінде айтылған.

Expats.cz:Прага зообағы Пржевальский жылқыларын қазақ даласына жерсіндіреді

25 сәуір күні аталған басылым ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ҚР ЭТРМ) мен Прага зообағы арасында Пржевальский жылқыларын жерсіндіру бойынша келісім жасалғаны жөнінде жазған. Қазақстан тарапынан меморандумға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, Чехия тарапынан Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек қол қойғаны атап өтілген.

Фото: Prague Zoo / Miroslav Bobe

«Қазақстан – ертеде Пржевальский жылқысы мекендеген елдердің бірі. Ынтымақтастық туралы меморандумда жылқыларды осы жерге қайтару, мысалы, орын таңдау, оларды тексеру, содан кейін жылқыларды әкелу тәртібі анықталады. Пржевальский жылқыларының қайтарылуын қадағалап, осыған байланысты көмек көрсетуіміз керек. Оны қаржыландыруды қазақстандық тарап қамтамасыз етеді», - деді Бобек.

The Times of Central Asia:Қазақстан әріптестерімен бірге ауаның ластануын азайту шараларын талқылады

27 сәуірде жарияланған мақалада Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ауаның ластану деңгейін азайту шараларын талқыға салғаны жөнінде жазылған.

«25 сәуірде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Қазақстанның ауаның ластануын азайту жөніндегі шараларын қолдауға арналған пікірталас өткізді. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, бұл – Қазақстанның маңызды климаттық және экологиялық стратегияларды іске асыруын қолдауға бағытталған саяси диалогтар сериясының екіншісі»,- делінген мақалада.

The Economic times: Астана халықаралық форумы: негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешудегі Қазақстанның бастамалары

24 сәуірде The Economic Times басылымында жарияланған мақала биылғы жылдың 8-9 маусымында Қазақстанның елордасында өтетін халықаралық Астана форумына арналған.

«Форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды және жаһандық климат, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған», - деп жазады басылым.

Мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі геосаяси жағдайда ынтымақтастық пен диалогтың маңыздылығы артып келе жатқаны туралы сөзі келтірілген.

Фото: gov.kz