Trend.az: Қазақстанның ірі қалаларында электрмен зарядтау стансаларының желісі салынбақ
Әзербайжандық Trend.az басылымы 10 тамыз күні Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің электромобильдер инфрақұрылымын жақсарту жоспары туралы ақпарат жариялады.
Басылымның жазуынша, қазіргі таңда «Жасыл Даму» АҚ-ның бастамасымен Қазақстанның ірі қалалары мен Алматы – Астана бағытындағы күре жолда электр жағармай құю стансаларының инфрақұрылымын дамытуға арналған жоба іске асқан.
«Қазір Астанада электромобильдерді қуаттайтын 51 станса, Алматыда 52, сондай-ақ Павлодар мен Ақтау қалаларында және Астана – Щучинск бағытындағы автожолда бір-бір стансадан қойылған. Сонымен қатар Қазақстанда тұрғындар мен кәсіпорындар салған бірнеше жеке электр станциялары бар»,-делінген хабарламада.
Interfax: Қазақстан сұранысқа ие шетелдік мамандарды қабылдау тәртібін жеңілдетпек
Ресейлік Interfax агенттігі ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың тиісті ведомстволарға Қазақстанда кәсіптері сұранысқа ие шетелдіктердің елге келуін жеңілдетуді тапсырғанын хабарлады.
«Еңбек министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстанда олардың әлеуетін одан әрі іске асыру үшін елге керекті маман иелерін немесе шетелде табысты бизнес-жобалар жүргізетін шетелдік азаматтардың елге кіру тәртібін жеңілдету қажет», - деп агенттік Ә.Смайыловтың сөзіне сілтеме жасайды.
Сондай-ақ агенттік Премьер-Министр елдің ведомстволарына болашағы зор шетелдік бизнесмендерді де Қазақстанға жұмысқа тарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырғанын да атап өткен.
Sana.sy: Сирия мен Қазақстан екіжақты қарым-қатынастар мен дипломатиялық белсенділікті арттыру мәселесін талқылады
9 тамызда сириялық Sana Syrian Arab News Agency агенттігі Сирия Сыртқы істер және экспатрианттар істері министрі Фейсал Микдад Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалыны және онымен бірге келген делегацияны қабылдағаны туралы жазды.
«Микдад Қазақстанның Сирияны қолдаудағы ұстанымын, сондай-ақ Астана кездесуі барысындағы күш-жігерін жоғары бағалап, онда қол жеткізілген маңызды нәтижелерді атап өтті»,-дейді басылым.
Ақпарат агенттігінің сөзінше, Расул Жұмалы Қазақстанның Сириямен барлық салада екіжақты байланысты нығайтуға деген ынтасын білдіріп, Дамаскіде әл-Фараби атындағы мәдени орталықтың ашылуына атсалысуыға дайын екенін жеткізді.
Trend.az: Қазақстан мен Әзербайжан Баку-Супса мұнай құбыры арқылы мұнай жеткізу перспективаларын талқылады
Әзербайжандық Trend.az басылымы Қазақстан мен Әзербайжан Баку-Супса бағыты бойынша мұнай тасымалдау перпективаларын талқылағаны жөнінде жариялады.
«Біз қазірдің өзінде Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды экспорттау туралы келісімдерге қол жеткіздік, енді Баку-Супса арқылы жеткізуді бастау мүмкіндігін талқылап жатырмыз. Бұған қоса бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізуді бастады», - деп жазады басылып ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке сілтеме жасап.
Сондай-ақ басылымның айтуынша, бұл тасымалдау Қазақстан мұнайының транзитіне қатысты бұрын жасалған келісімдерге сәйкес жүзеге аспақшы.
Caspian News: Қазақстан мен БАӘ астық экспортын тасымалдау үшін жаңа бағыт құру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр
8 тамызда Caspian News агенттігі Орталық Азиядағы ең ірі астық өндіруші ел саналатын Қазақстан ірі логистикалық Abu Dhabi Ports Group (ADP) компаниясымен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын Иран мен Парсы шығанағы порттары арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
Дүйсенбіде Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Simatech Shipping and Forwarding компаниясының бас директоры Давуд Тафти кездесіп, Африканың шығыс жағалауындағы нарықтарды байланыстыратын қазақстандық экспорт үшін ең қысқа тікелей жолды құру мүмкіндігін талқылады. Бұл - Үндістан, Таяу Шығыс, Пәкістан және Парсы шығанағы бағыттары.
«Өткен дүйсенбі күні Қазақстанның сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Simatech Shipping and Forwarding компаниясының басшысы Давуд Тафти кездесіп, Қазақстаннан экспортталатын тауарлар үшін қысқа әрі тікелей маршрут құру мақсатында Африка, Үндістан, Таяу Шығыс, Пәкістан және Парсы шығанағының шығыс жағалауы нарықтарын қарастырды»,-деп жазады басылым.
Агенттіктің жазуынша, келіссөздер барысында тараптар Каспий теңізі арқылы Иранға жүк жеткізудің әртүрлі нұсқасын да талқылаған.
Interfax: Шілде айында Қазақстанның халықаралық резервтері 0,1%-ға өсіп, 94,4 млрд долларды құрады
9 тамызда ресейлік Interfax басылымы Қазақстанның халықаралық резервтері 0,1%-ға өсіп, 94,4 млрд долларды құрады деген ақпаратты жария етті.
«ҚР Ұлттық банкінің жалпы резервтері мен Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, Қазақстанның халықаралық резервтері шілде айында 94,385 млрд. АҚШ долларын құрап, өткен аймен салыстырғанда 0,1%-ға, ал жыл басынан бері 4,6%-ға артты»,-деп жазады басылым ҚР Ұлттық банкіне сілтеме жасап.
Басылымның айтуынша, Ұлттық қор активтері 2023 жылғы маусыммен салыстырғанда 0,68% - ға және 1 қаңтармен салыстырғанда 8%-ға өсіп, 60 202 млрд долларды құраған.
TheBellinghamHerald: Қазақстанда көне пирамида табылды
Америкалық The Bellingham Herald басылымы 8 тамызда Қазақстанның Абай облысында көне пирамида табылғаны жөнінде ақпарат жариялады.
Басылым Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, былай деп жазады: «Абай облысы Абай ауданы Тоқтамыс елді мекенінің жанындағы Қырықүңгір кешенді ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2014 жылдан бері ЕҰУ тарих факультеті археология және этнология кафедрасының ғалымдары қазба жұмыстарын жасап жүр, оған университет студенттері мен магистранттары да атсалысуда. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Еуразия даласында бұған дейін кездеспеген, біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың басы, яғни осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуірінің ірі көлемді дала пирамидасы табылды».
«Дала пирамидасы аса дәлдікпен салынған, алты қырлы. Әрбір қырының арасы он үш метр және сегіз қатар таспен қаланған. Ортасында бірнеше шеңбері бар. Бұл - өте күрделі кешенді құрылыс. Сол кешендегі құрылыстың сыртындағы қабырғаларында әртүрлі жануарлардың, әсіресе, жылқының суреттері көп бейнеленген. Бұл, яғни, сол кезеңнің өзінде жылқы культі басым болғанын сол тас құрылыстың айналасында жылқы сүйектерінің табылуы дәлелдеп отыр», - дейді тарихшы ғалым, ЕҰУ археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев.