Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Германия президентінің сапары, Сирия келіссөзінің тоқтатылуы және Қазақстанға екі апталық саяхат
Deutsche Welle: Германия мен Қазақстан әріптестікті одан әрі нығайтуды мақсат етіп отыр
22 маусымда немістің Deutsche Welle басылымыГермания президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі жөнінде мақала жариялады. Еске салайық, 20 маусым күні Германия президенті Қазақстанға сапармен келген еді.
Аталған басылымның жазуынша, екі ел басшысы мемлекеттер арасындағы әріптестікті аймақтағы негізгі серіктестердің ынтымақтастығы ретінде қарастырады.
«Неміс-қазақ саудасының жалпы көлемі шамамен 9 миллиард еуроны (8,2 миллиард доллар) құрайды, Германияның Орталық Азиядағы сыртқы саудасының 85% қазақстандық компаниялар арқылы жүзеге асады», делінген басылымда.
Thediplomat: Қазақстандағы өрт үшін кім жауапты?
23 маусымда Thediplomat басылымы айдың басында «Қазақстанның шығысында болған өрт үшін кім жауап береді?» деген сауалға жауап іздеп көрді. Басылымның жазуынша, 15 маусымда Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысындағы ауқымды орман өртін бақылауға алғанын хабарлаған. Дегенмен бірқатар қазақстандықтар үкіметтің төтенше жағдайды қалай ауыздықтап жатқанына наразы.
«Кім жауапқа тартылуы керек және оның салдары қандай деген сауал қазір қазақстандық қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Бас прокурор өрттің шығу себебі бойынша қылмыстық іс қозғайтынын мәлімдеді. Тоқаев бірнеше мемлекеттік қызметшіге сөгіс жариялады. Алайда кімнің қалай және қандай дәрежеде жазаланып жатқанында айырмашылық бар», деп жазады аталған басылым.
Reuters: Қазақстан кенеттен Астанадағы Сирия бойынша келіссөздерді тоқтатуды ұсынды
21 маусымда Reuters агенттігі Ресей, Түркия және Иран арасындағы Сирия бойынша бейбіт келіссөздерді өткізіп келген Қазақстан күтпеген жерден процесті тоқтатуды ұсынғаны жөнінде материал жариялады. Ресей тарапы кездесулердің енді басқа жерде жалғасуы мүмкін екенін айтқан.
«Үш елдің дипломаттары жергілікті жердегі жағдайды, Түркия мен Сирия арасындағы байланысты қалпына келтірудің жол картасын, Израильдің шабуылдарын және басқа да көптеген мәселені талқылау үшін осы аптада Қазақстан астанасы Астанада 20-рет бас қосты»,-деп жазады басылым.
Pakistanobserver: ИДБ институты Қазақстанда исламдық қаржыландыру бойынша семинар ұйымдастырды
23 маусымда Pakistanobserver басылымы Ислам Даму Банкі Институты (ИДБ) Astana Finance Days 2023 бағдарламасы шеңберінде исламдық қаржыландыру бойынша семинар ұйымдастырғаны жөнінде мақала жариялады. Басылымның жазуынша, аталған институт Астана халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) бірлесіп өткізген. Оған тек Қазақстаннан ғана емес, Орталық Азия аймағынан және одан да басқа жерлерден көптеген қатысушы келген.
«Семинар екі сессияға бөлінді, оның біріншісі исламдық банкингке арналды. Сессия жалпы Орталық Азия аймағында, атап айтқанда Қазақстанда шариғат талаптарына сай қаржылық қызметтерге сұраныстың артуына байланысты бизнес мүмкіндіктерін құру және ислам банктерінің ұлттық даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелеріне арналды», деп жазылған.
Interfax: Әзербайжан мен Қазақстан премьер-министрлері көлік және энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады
22 маусым күні Interfaх агенттігі бейсенбі күні Бакуде өткен кездесуде Әзербайжан премьер-министрі Әли Асадов пен Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов кездесіп, көптеген мәселені, оның ішінде көлік-логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты талқылағаны туралы материал жариялады.
«Келіссөз барысында екі тарап сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы өзара іс-қимыл аспектілерін егжей-тегжейлі талқылады. Сонымен қатар бірлескен IT-жобаларды және мәдени-гуманитарлық бастамаларды жүзеге асыру жоспарлары қарастырылды», деп жазады агенттік Қазақстан үкіметіне сілтеме жасап.
Тrend.az: Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар барлық салада дамып жатыр - Президент Ильхам Әлиев
22 маусымда Тrend.az басылымы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловты қабылдап, екі тараптың бірқатар мәселені талқылағаны жөнінде мақала жариялады. Басылымның айтуынша, келіссөз барысында Әлиев Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас барлық салада табысты дамып жатқанын тілге тиек еткен.
«Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өткен Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың барлық салада табысты дамып келе жатқанын айтып, екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібі талқыланғанын атап өтті», деп жазады басылым.
Lonelyplanet: Қазақстанды пойызбен аралау: өткен дәуірге екі апталық саяхат
21 маусым күні Lonelyplanet атты саяхат жайлы жазатын журналда Juan Martinez есімді саяхатшы-журналистің Қазақстанға екі апталық саяхаты туралы мақала жарық көрді. Ол Қазақстанды екі апта бойына пойызбен аралаған. «Бір кездері көпшілік біле бермейтін әрі көп адамға қолжетімсіз болған Қазақстан бүгінде батыл да батыр саяхатшыларды құшақ жайып қарсы алады»,-деп бастайды автор.
«Қазақстан сияқты Орталық Азия елінің Жібек жолы дәстүрлері, кеңес дәуірінің қалдықтары мен шегі көрінбей созылып жатқан әдемі пейзаждарды біріктіріп ұсынатыны таң қалдырады»,-деп жазады автор.
BBC: Еуро-2024 іріктеу кезеңі: Солтүстік Ирландияның Қазақстаннан жеңілуі іріктеу кезеңіндегі үмітті өшірді
20 маусымда 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының төртінші турында Қазақстан мен Солтүстік Ирландия футбол командалары кездескен еді. Ойын Қазақстан пайдасына 1-0 болып аяқталды.
Басылымның жазуынша, өткен желтоқсан айында Майкл О'Нил Солтүстік Ирландия командасының бапкері болып қайта тағайындалды. Осыдан команданың жанкүйерлері Солтүстік Ирландия 2024 жылғы Еуро-2024 іріктеу кезеңінен сүрінбей өтеді деп үміттенген еді.
«Желтоқсан айының басында жаңа қызметке кіріскен кезде О'Нил команда іріктеуден өтетініне сенетінін айтқан екен. Алайда, дүйсенбіге қараған түні Қазақстаннан 1:0 есебімен жеңілгеннен кейін бәрі белгілі болды. Осыдан соң О'Нил Солтүстік Ирландияның 2016 жылғы ерлігін қайталай алмайды Кем дегенде, бұл науқанда емес»,-деп жазады басылым.