Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: мұнай экспорты, АЭС салу бойынша референдум және конституциялық реформалар

Фото: pixabay.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан арасында электр энергиясының тасымалдануы, еліміздің мұнай экспорттау үшін танкерлерді сатып алуы, Қазақстанда АЭХА инспекциясын ұйымдастыру ережесі бекітілгені, Вьетнам президенті Ханойда Қазақстан Елшісін қабылдағаны, АЭС салу жөнінде референдум өтетіні, сонымен бірге елдегі саяси және конституциялық реформалар жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

24kg: Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан электр энергиясын бір-біріне жеткізуге келісті

29 тамызда қырғызстандық 24kg ақпарат агенттігі Астанада Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы ведомстволары өкілдерінің кездесуі өтіп, онда су-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын хабарлады.

«Тараптар алдағы күзгі-қысқы маусымда электр энергиясын жеткізу, басқа да салалардағы әріптестік мәселелерін сөз етті. Өзара келісімдерге қол жеткізіліп, жеткізу көлемі мен мерзімін анықтады»,- деп жазады басылым.

Қатысушылар бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға дайын екенін жеткізген.

Айта кетейік, Су және энергетика ведомстволары өкілдерінің келесі кездесуі 2023 жылдың қарашасында Бішкекте өтеді.

Reuters : Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша референдум өтеді – Президент

1 қыркүйек күні Reuters ақпарат агенттігі Қазақстанда бірінші атом электр стансасын салу бойынша референдум өтетінін хабарлады.

Басылымның жазуынша, қашан өтетіні кейінірек белгілі болады.

«Орталық Азия мемлекетінің бірі Қазақстанда бұл идея көптен бері талқыланып жатыр. Қазіргі таңда оның құрылысы қай жерде болатыны да анықталды. Үкімет жаңа генерациялау қуатының қажет екенін алға тартып отыр»,-делінген хабарламада.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Алайда кейбір белсенділер қарсылық танытып отыр, олар қауіпсіздік мәселесін және кезінде Кеңес заманында Қазақстанда Семей ядролық сынақ полигоны орналасқанын алға тартады.

«Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом стансасын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық стансалар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық стансаның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына жариялаған Жолдауында.

Interfax: Қазақстанда жыл соңына қарай инфляция деңгейі 2022 жылға қарағанда 50%-ға төмендейді – премьер-министр

31 тамызда Interfax басылымы Қазақстандағы инфляция деңгейіне қатысты материал жариялады. Онда ақпарат агенттігі бейсенбі күні өткен Парламент Мәжілісіндегі «Аманат» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа сілтеме жасап, Қазақстанда инфляция біртіндеп төмендегенін әрі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 50%-ға төмендейтінін жазды.

«2022 жылы Қазақстанда инфляция 20,3%-ды құрады, ал биылғы бюджетте инфляцияның мақсатты жылдық диапазоны 7,5-9,5 пайызды құрайды деп болжанып отыр»,-делінген хабарламада.

Басылымның жазуынша, Смайылов Қазақстан экономикасы пандемия салдары мен күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айтып, алғашқы жеті айда елдің жалпы ішкі өнімі 4,8%-ға өскенін еске салып өткен.

Bloomberg: Қазақстан танкерлерді сатып алу арқылы мұнай экспорты бағытын әртараптандырады

31 тамызда Bloomberg ақпарат агенттігі Қазақстан өз мұнайын Каспий және Қара теңіз арқылы тасымалдау үшін танкерлерді сатып алып жатыр деп хабарлады. Басылымның мәліметінше, бұл – Орталық Азиядағы ірі мұнай өндіруші елдің Ресей арқылы негізгі экспорттық құбыр жолына балама табуға ұмтылысы.

Фото: Andrey Rudakov/Bloomberg

«ҚазМұнайГаз» АҚ мемлекеттік компаниясының бөлімшесі Каспий теңізі арқылы мұнайды тасымалдау үшін әрқайсысының сыйымдылығы 8000 тонна болатын екі танкерді, яғни мұнай саласы үшін салыстырмалы түрде шағын кемелерді сатып алды. ҚР Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, Қара теңізде жұмыс істеу үшін әрқайсысының сыйымдылығы 80 000 тонна болатын тағы екі кемені сатып алу жоспарланып отыр», - деп жазады басылым.

Trend: Қазақстан АЭХА инспекциясын ұйымдастыру ережесін бекітті

31 тамызда әзербайжандық Trend агенттігі Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) инспекцияларын ұйымдастыру ережесі бекітілгенін хабарлады.

«Осы Қағидаларға сәйкес, АЭХА инспекторларын тағайындау кезінде уәкілетті орган ҚР аумағында инспекция жүргізу үшін ұсынылатын АЭХА-нің әрбір өкіліне қатысты тегі, біліктілігі, азаматтығы, лауазымы және басқа да қажетті мәліметтер туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін жазбаша түрде хабардар етеді»,-делінген хабарламада.

Фото: shutterstock.com

АЭХА тексеру аяқталғаннан кейін оның нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндеттеледі.

Antara : Қазақстанды саяси және конституциялық реформалар арқылы өзгерту

29 тамызда индонезиялық Antara басылымында ҚР Конституциялық сотының төрайымы Эльвира Әзімованың Қазақстандағы саяси және конституциялық реформалар жайлы мақаласы жарық көрді.

Автор материалында елдегі мемлекеттік институттарды нығайтып, азаматтардың құқықтарын кеңейту бағытында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен соңғы бірнеше жылда Қазақстанда елеулі саяси өзгерістер болғанын атап өтеді.

«30 тамызда Қазақстанда Конституция күні атап өтіледі, биыл оның ерекше маңызы бар. Былтырғы маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді ратификациялаған соң қазақстандықтар бұл күнді алғаш рет атап өтіп жатыр. Конституцияның жаңа редакциясы саяси жаңғыруды, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды және адам құқықтарын қорғауды қамтитын қоғам мен мемлекетті жан-жақты жаңғыртудың құқықтық негізін қалады»,-деп жазады Эльвира Әзімова.

Оның жазуынша, Конституцияға енгізілген түзетулер қазақстандық қоғамның түрлі салаларында елеулі өзгерістерге әкелді, мысалы, Президенттің өкілеттігін қысқартуға және Парламент пен азаматтардың ел үшін маңызды істерде шешім қабылдау процесіне ықпалын арттыруға бағытталған реформаларды тілге тиек етеді.

Сондай-ақ конституциялық деңгейде өлім жазасы алынып тасталғанын, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде де бірқатар іс-шараның қолға алынғанын, мәселен, парламенттегі әйелдерге арналған квоталар көбейтілгенін, саяси партияларды тіркеу және бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру рәсімдерінің жеңілдетілгенін де атап өткен.

«Бұл реформалар халықты саяси өмірге белсенді түрде араластыруға, сол арқылы тұрақтылық пен экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталып отыр»,-деп түйіндейді автор мақаласын.

Vietnamplus: Вьетнам президенті Ханойда Қазақстан Елшісін қабылдады

Вьетнамдық Vietnamplus агенттігі 30 тамызда Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонг Қазақстанның Вьетнамдағы өкілетті елшісі Ерлан Байжановты қабылдағанын хабарлады.

Ханойда өткен кездесу барысында Вьетнам басшысы Байжановқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапарын табысты ұйымдастыруда Вьетнам билігімен ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, Вьетнамның осы сапарды жоғары бағалайтынын әрі қос ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа тарауының басталуына жол ашқанын атап өткен.

Фото: VNA

«Президент Тхыонг екі ел билігінің шынайылығы мен жауапкершілігінің арқасында Вьетнам мен Қазақстан арасындағы жан-жақты ынтымақтастық таяу болашақта нығая түсетініне сенім білдірді»,-деп жазады ақпарат агенттігі.

CGTN: Қазақстандағы Шымкент мұнай өңдеу зауытының көрінісі

29 тамызда China Global Television Network ақпарат агенттігі Шымкент мұнай өңдеу зауытының видеосын жариялады.

«Шымкент – Қазақстанның оңтүстігіндегі маңызды қала, сондай-ақ ежелгі Жібек жолындағы тарихи мекен – Қытай мен Орталық Азия арасындағы достық қарым-қатынас тарихының куәсі. Қызғалдақтарымен танымал шаһарда заманауи мұнай өңдеу зауыты – Шымкент мұнай өңдеу зауыты бой көтерді. Зауыт – Қытай-Қазақстан энергетикалық ынтымақтастығы жетістіктерінің бір дәлелі және Қазақстанды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде, экологиялық жағдайды жақсартуда және әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқарады»,-деп жазады басылым.

Фото: sknews.kz