Ұлттық экономика министрлігі қызметтері мен тауарларын онлайн платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болатынын хабарлайды.
ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%-ін құрайды. Мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ.
«Төлем тәртібі өте қарапайым. Компаниялар салық салу мақсатында тіркелмейді. Оңайлатылған тәртіпте салық органдарына хат жолдап, ҚҚС төлеуге дайын екендігі туралы хабарлайды», - деді ҰЭМ вице-министрі Азамат Амрин.
Әкімшілендіру шетелдік интернет-компаниялар аударған сомалар туралы екінші деңгейлі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады.
Әкімшілік мақсаттар үшін төлем жүйелерін пайдалана отырып, төлемді және/немесе ақша аударымын алушы ретінде шетелдік компанияны сәйкестендіретін белгілердің бірегей жиынтығы болып табылатын Merchant ID немесе MID ұғымын белгілеу ұсынылады.
Merchant ID шетелдік интернет-компаниялар беретін реквизиттердің бірі болып табылады. Ол бойынша банктер тиісті төлемдер мен ақша аударымдарын сәйкестендіреді.
Бұл – халықаралық практика. Мәселені қарастыру кезінде халықаралық, Еуропа елдерінің де, таяу көршілеріміз Ресей мен Беларусьтің де тәжірибесі зерттелді.
ҰЭМ-нің болжамынша, осы ҚҚС салығы есебінен бюджетке жылына 2 млрд теңге түседі.
Еске салсақ, 2021 жылғы 25 қарашада Сенат Салық кодексіне интернет арқылы сатылатын тауарларға цифрлық салық енгізуді қарастыратын түзетулерді қабылдаған болатын.