Бүгін Астанада өтіп жатқан Kazakhstan Global Investment Roundtable жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел - өз кезегіндегі екінші отырыс. Алғашқысы өткен жылдың желтоқсанында өтіп, Қазақстан әлемдік ірі компанияларды жинап, «шетелдік инвесторларға не ұсына аламыз, қандай мүмкіндіктер бар» деген сұрақтарды талқылап, соның нәтижесінде Қазақстанның алғашқы инвестициялар стратегиясы қабылданған болатын.
Араға алты ай салып, халықаралық компаниялардың басын қайта қосқан іс-шарада нақты инвестицияларды тарту мәселесі қаралуда. Аталған мерзімнің ішінде шетелдік компаниялар Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығын танып білді. Қазақстан өз тарапынан 6 айдың ішінде басым деп танылған 11 мемлекеттің компанияларына таныстырылым жасады.
Бүгінгі шараға 300-дей әлемдік компания келеді деп күтілген, нәтижесінде 40 елден 600-ден астам ірі компания басшылары, жалпы саны 1000-нан астам адам қатысуда.
«Осыншама ірі инвесторлардың бізге келуінің бірінші себебі - Қазақстанның нарығы. Осыдан 10 жыл бұрын біздің нарық олар үшін аздық ететін. Бүгінде нарық ашық және еркін, бұл біздің ЕЭО-ға (Еуропалық Экономикалық Одақ) кіруіміздің арқасында мүмкін болды. Одан бөлек, Қытаймен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жібек жолы бағдарламасына сәйкес инфрақұрылым мен логистика дамуда. Яғни өндіріс болса, бизнес болса Қазақстанның нарығы - олар үшін таптырмас пайда көзі. Екінші себеп, Қазақстанға салынған инвестицияның кепілдігі мен қауіпсіздігі. Бұған дәлел - Дүниежүзілік Банктің рейтингінде біз 36-шы орындамыз, бұл үлкен көрсеткіш және де бізді ОЭСР (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) инвестициялар комитетіне мүше ретінде қабылдады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда ішкі реформалар мен заңнамалардың реттелгенін көрсетеді», -деді Kazakh Invest ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев.
Сонымен қатар Kazakh Invest басшысы дөңгелек үстел аясында бірнеше шетелдік компаниямен жалпы сомасы 4,7 млрд долларды құрайтын 32 меморандумға қол қойылғанын және ол меморандумдар мұнай, құрылыс, сауда, IT, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика және тағы басқа салаларды қамтитынын айтты.
Айта кетейік, аталған жобалардың барлығы келесі жылдан бастап жүзеге асырылады. Одан бөлек, Астанада халықаралық қаржы орталығын ашу жоспарлануда. Орталықтың базасында британдық тәсілмен жаңа сот жүйесі құрылып, бұл өз кезегінде Қазақстанға келген және келетін инвесторлардың қауіпсіздігі мен еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.