11:27, 15 Маусым 2009
Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамы жаңа мүшемен толықты
АЛМАТЫ. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -Скандинавиялық «TeliaSonera» телекоммуникация холдингі Қазақстандағы шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына кірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «GSM Қазақстан/Kcell» ұялы байланыс операторының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Шетелдік инвесторлар кеңесі жалпыға танылған және келіссөздер мен идея алмасуда жәрдемдесетін маңызды форум саналады. Өз мүшелерінің белсенді қатысуы арқылы Кеңес Қазақстанның өркендеуі мен экономикалық дамуына салмақты үлес қосуда. «TeliaSonera» компаниясынан өкілі ретінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелер тобының бөлігі болу мен үшін жоғары құрмет», - дейді «TeliaSonera АВ» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Ларс Ниберг. «TeliaSonera» Қазақстандағы ірі байланыс операторы ««GSM Қазақстан/Kcell» компаниясының бас акционері саналады. Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторындағы ең ірі инвесторлардың бірі болып табылатын «TeliaSonera» Шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше атанған 25-ші шетелдік компания болып отыр. Еуропаның телекоммуникация нарығындағы үздік жетіліктің қатарына кіретін бұл кәсіпорын Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан, Непал және Камбоджаның жетекші ұялы байланыс операторларының бақылау пакетіне ие.