Шетелдік компания иелері қазақстандық жұмысшыларды кемсітулерін тыяр емес - Бас прокуратура

АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы қаласының әкімдігі «Нестле Фуд Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне еліміздің әлеуметтік қорғау органдарында 12 заңгер маманның кезекте тұруына қарамастан шет мемлекеттерден жұмыс күшін тартқан. Аталмыш әрекеттер жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков баяндады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар Оңтүстік Қазақстан облысында

да тіркелген. Онда «машинист» және «бұрғылаушының көмекшісі» мамандығы бойынша еліміздегі арнайы органдардағы кезекте 53 азаматтың тұрғанына қарамастан «СП Русбурмаш Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері 31 шет ел азаматын сырттан әкелген. «Осы орайда айта кететін жайт, еліміздің еңбек миграциясын реттейтін заңдардың басты мақсаты - бірінші кезекте қазақстандық мамандардың құқықтарын қорғау. Яғни елде отандық жұмыс күшіне сұраныс бар кезде шеттен маман тарту заңсыз», деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, шетелдік компаниялар қазақстандық жұмысшыларды кемсіту әрекеттеріне жол берулерін  қояр емес және ол әртүрлі факторлар бойынша орын алып отыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан мен Австралияның бірлескен «СП Са Мининг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қазақстандық жұмысшының жалақысы 132 мың теңге болса, Австралия азаматына

1 миллионнан астам теңге төленеді. Ал қазақстандық дәнекерлеуші 90 мың  алатын болса, австралиялық маманға 833 мың теңге төленеді. Осы тектес әрекеттер Қытай елінің Алматы облысындағы «ЧПП Қазақстан» атты серіктестігінде де орын алып отыр.