«Заңның басқа да салаларында «мәжбүрлі шара» деген түсінік бар. Оны бәріміз жақсы білеміз. Экологиялық заңнамада да ондай құқықтық институт бар. Мәселен, жер қойнауын пайдаланушы шетелдік компания факелдер арқылы газды жағып отырады. Оны не үшін істейді? Себебі газды жақпаса, өндірістік нысандарда апат болады. Ал оның арты теxникалық қиындықтарға, тіпті адам шығынына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Демек, бұл - «мәжбүрлі шара». Қарашығанақты немесе Теңізшевройлды алайықшы, аталған компанияларға қарасты зауыттардың ұшы-қиыры көрінбейді. Өндірістік құрылғылардың қысымы да, температурасы да жоғары. Мыңдаған жұмысшы жүреді. Осындайда қандай да бір ақаулық болса, теxниканың өзі автоматты түрде газды факел арқылы жағып жібереді. Олай істемесе, адам шығыны да, қаржылай шығынның да көп болатыны белгілі. Бүгінде оның бәрін тексеріп алуға мүмкіндік бар. Сондықтан судьяларда осындай мәселелерге түсіністікпен қарауды сұраймын», - дейді Елібаев.
Оның айтуынша, бүгінде инвестициялық даулар кезінде шағып түсірген мемлекеттік органның өзі шетелдік компанияның факел арқылы газды жағу әрекетін «мәжбүрлі шара» деп көрсетсе де, судьялар оған қарамай, миллиондаған айыппұлды өндіріп алу туралы шешім шығарып отырады.
Айта кетейік, өткен жылы Жоғарғы Соттың қарауына инвестициялық дауларға қатысты 22 арыз түскен болатын. Соның басым бөлігі - мұнай-газ саласындағы жұмыс істейтін ірі инвесторлар. Олар көп жағдайда мемлекеттік органдардың тарапынан жіберілген салық мәселелерін даулайды .
ҚР Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаеваның айтуынша, бүгінгі заңнамада инвестициялық дауларды қысқа уақыттың ішінде қарау міндеті қойылса да, инвесторлардың өздері ондай істердің мерзімін ұзартуды сұрап отыр.