Оның жұмысын облыс әкімінің міндетін атқарушы, облыстық үшжақты комиссияның төрағасы Мадияр Алдоңғаров жүргізді.
Отырыста екі мәселе қаралды. Алғашқысы бойынша облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Сәдібек Балтабайұлы хабарлама жасады. Хабарламашының әңгімесінен белгілі болғандай, аталмыш компания ҚР кәсіподақтар қоғамдық бірлестігімен жасалған бірыңғай ұжымдық шартты келісімге сәйкес толық көлемде орындап келеді. Атап айтқанда, компанияда ҚР «Еңбек туралы» заңнама тәртібі толық сақталған. Соған сәйкес ұжымдағы еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жұмысшылар, инженер-техниктерді әлеуметтік тұрғыдан қорғауға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық бағытындағы қажеттіліктеріне қолдау көрсету мақсатында жылына 30 млн. теңгеден астам қаржы бөліп келеді.
Жақында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» және «Қоғам ТВ» телеарналарында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы жобасының облыста жүзеге асырылу барысына қатысты сын материалдар көрсетілді. Атап айтқанда, «Аккорд Окан» компаниясы жұмысшыларға жағдай жасамай отырғандығы, яғни, жұмысшылардың демалыс күндері істеген еңбегі үшін қосымша ақы төлемейтіндігі және оларға берілетін тағамның сапасыз екендігі айтылды. Облыс әкімдігінде шұғыл мәжіліс өткізіліп, мән-жайды анықтау үшін тиісті органдарға тапсырма берілді.
Осы мәселе бойынша хабарлама жасаған ҚР бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департамент директоры Нұрлыбек Жолдасбаев алғашқы тексеру қорытындылары жөнінде айтты. Бүгінде бұл маңызды жобаны жүзеге асыру мақсатында 21 компания жұмыс атқаруда. Оның төртеуі шетелдік бас мердігер компаниялар. Тексеру нәтижесінде өзіміздің жергілікті компанияларда жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатындағы барлық талап орындалып келе жатқаны белгілі болды. Бұған керісінше шетелдік компаниялар ҚР «Еңбек туралы» заңының тәртібін сақтамаған. Соның ішінде «Аккорд Окан» түрік-әзірбайжан біріккен кәсіпорнында тоғыз факті бойынша заң бұзушылық анықталды. Соның бастысы, жұмысшылармен еңбек шарты жасалмаған. Соған сәйкес салық нөмірі де көрсетілмеген, жұмыс уақыты белгіленбеген. Жұмысшылар арнайы медициналық сараптамадан өтпеген. Олардың арнайы жұмыс кестесі, дәрі-дәрмек салатын қобдишалары жоқ. Таңғаларлығы, компанияда еңбек қауіпсіздігіне жауап беретін адам жоқ. Шетелдік компаниялар арасында мамыр айынан бері еңбекақы төлемей отырғандары да бар. Осы еңбекақыға экологиялық 30 пайыз үстемақы төлеу мүлдем көрсетілмеген.
Мәжілісте сондай-ақ, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының міндетін атқарушы Аманкелді Бисенов шетелдік компаниялардың медициналық қызмет көрсету мен ас дайындау және жатын орындарында тазалықты қатаң сақтау мәселесіне қатысты хабарлама жасады.
Комиссия отырысын қорытындылаған М.Алдоңғаров шетелдік компания өкілдерінің алдына қатаң талап қойды. Комиссия мүшелеріне облыстық басқарма мен департаменттер бірігіп арнайы тексеру ұйымдастыру қажеттігін тапсырды. Егер жергілікті жердің азаматтары әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаса, онда шетелдік компанияларға біздің елдің заңдылығына сәйкес барлық қатаң шаралар қолданылуы керектігін қадап айтты.