«Бүгінде еліміздегі шетелдік ірі компаниялардың барлығында департамент басшылары шетел азаматтары. Көптеген компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты, дегенмен компания басшыларының ішінде отандық мамандар жоқ. Сондықтан біздің одақ ҚР Энергетика министрлігімен бірігіп шетелдік мұнай өндіру компанияларындағы басшылық қызметке, нақты айтқанда департамент басшылығын отандық мамандармен қамту жобасын қолға алдық», - деді Қазақстан мұнай сервис компаниялар одағының жобаларын басқарушы Нияз Жұмат ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ірі компанияларды қазақстандықтардың басқаруының артықшылығы отандық мұнай өндіру компанияларының жұмысының алға басуына септігін тигізеді екен.
«Шетелдік мамандар бізге 3-4 жылға келісімшартпен келеді, олар Қазақстанның ішкі нарығын толық білмейді, осы тұрғыда өз азаматтарымыздың позициясын ұсынып, қолдауымыз керек. Осы мақсатта 2025 жылға дейін барлық ірі мұнай компаниялары басшылық қызметтерінде Қазақстан азаматының болуын қамтамасыз ету, басқаша айтқанда талап етуді қолға алудамыз», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде алдағы жылдан бастап Каспий теңізінде Хазар және Қаламқас мұнай өңдеу жобалары сол сияқты Теңіз кен қойнауында бюджеті 5 млрд АҚШ долларын құрайтын тағы бір мұнай өндіру жобасы іске қосылады.