Шетелдік мұрағаттардағы мәліметтер шынайы Қазақстан тарихын жазуға жеткіліксіз - антрополог Оразақ Смағұлов

АЛМАТЫ. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Тарихты зерттеудегі барлық мәселе зерттеу нысанында болып отыр.. Бұл туралы бүгін Алматыда «Shejire DNA» ДНҚ-генеалогиялық ғылыми орталығының Орталық Азиялық жаңа жобасын таныстыру кезінде айтылды.

«Мұрағаттардағы мәліметтер Қазақстанның шынайы тарихын жазуға жеткіліксіз. Тарихты зерттеу кезінде, қазір кім қай елге бармасын, ХV-XVII ғасырдан арғы кезеңдерге бара алмайды. Қандай да бір деректер тапқанның өзінде оның шынайылығына еш сенім жоқ. Өйткені олар сол елдің мүддесіне қарай, идеологиялық тұрғыдан жазылған. Сондықтан тарихты тануда енді негізінен генетикалық зерттеулерге арқа сүйеу керек», - дейді тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов.

Ғалымның айтуынша, бізде қазір антропологтар дайындалмайды. Антропология ешбір жоғары оқу орнында жеке пән ретінде оқытылмайды. Сол себепті биология саласындағы тарихқа қызығушылық білдіретін, шет тілін жетік білетін жас мамандарды шетелге жіберіп тәжірибеден өткізу керек. Тек археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған материалдарға жан-жақты зерттеу жүргізу арқылы ғана тарихты аңыз бен әфсанадан арылтуға болады.