Шетелдік нарыққа бағытталатын 500 млрд теңге долларға кезең-кезеңімен ауыстырылады - ҚР Ұлттық банкі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шетелдік нарыққа БЖЗҚ қорынан бағытталатын 500 млрд теңге бірден долларға ауыстырылмайды.

Бас қаржылық реттеуші мұндай көлемдегі қаржының шетел валютасына аударылуы ұлттық валютаның әлсіреуіне әкелуі ықтимал екендігін жеткізді.

«Ішкі нарықта теңгені долларға аудару операцияларының көлемін ескере келе, аталған соманы бірте-бірте жыл бойына ауыстыру құпталды. Бұл жағдайда теңгенің тұрақтылығына нұқсан келмейтін болады», - делінген хабарламада.

Ұлттық банктің хабарлауынша, шетелдік валютадағы қаржылық құралдардың саны жыл соңына дейін артуы мүмкін. Алайда БЖЗҚ инвестициялық декларациясындағы шекті көрсеткіштен асып кетпейді.

Айта кету керек, БЖЗҚ салымдарын инвестициялау туралы ҚР Мемлекет басшысы 2016 жылдың 10 ақпанында нақты тапсырма берген болатын.

Осыған орай БЖЗҚ-ның 1 450 млрд теңге көлеміндегі активтерін әр бағытта қаржылық құралдарға салу жоспарланған.

Ең алдымен, бюджет тапшылығын жою үшін 350 млрд теңге сомасына ҚР мемлекеттік құнды қағаздары сатылып алынады, шетелдік нарықта инвестиция салу үшін 500 млрд теңгеге шетелдік валюта сатылып алынады.

400 млрд теңгеге квазимемлекеттік сектордағы субьектілердің шартты құнды қағаздары, 200 млрд теңгеге ШОБ субьектілерін қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің шартты қаржылық құралдары сатылып алынады.