Шетелдік сарапшы қазақстандық өнімдерді Еуропаға көптеп кіргізуге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Литвалық «Ekoagros» компаниясының сарапшысы Виргиния Лукшене Еуропаға экспортталатын қазақстандық экологиялық таза өнімдерді сертификаттау қалай жүретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ekoagros» компаниясы Еуропаға тасымалдау үшін Қазақстанның эко-өнімдерін сертификаттаумен айналысады. Осы орайда В. Лукшене сапармен елордаға келіп, органикалық өнім бойынша сертификаттау мен тіркеу жүйесі қызметкерлеріне арналған семинар өткізуде.

«Еропалық одақ пен АҚШ-та барлық өндірушілер үшін талаптар бар. Бұл ретте негізгісі ешқандай химиялық қоспаларды араластырмауға қатысты, сондай-ақ өндіріс қоршаған ортаны қорғауға негізделуі тиіс», - деді сарапшы Астанадағы семинар барысында.

Сарапшының сөзіне қарағанда, оның агенттігі қазақстандық 18 өндірушіні сертификаттаған. Бұл өндірушілер астық өсірумен және оның экспортымен айналысады.

«Біздің инспектор шаруашылық нысандарына барып, тексеріс жүргізіп, хаттаманы толтырады. Сонымен қатар, екінші сарапшы органикалық өндіріс талаптарына сәйкестігі бойынша аталған хаттамаға бағалау жүргізеді. Егер де талаптарға сай болса, онда ол органикалық өнімге сертификат шығарады. Ол екі жылға жарамды болады», - деді Виргиния Лукшене.

Оның атап өтуінше, сертификаттаудан өткен қазақстандық өнімдердің сапасы өте жоғары.

«Қазақстанда жергілікті нарықты және экспортты дамыту үшін әлеует өте жоғары. Сіздерге осы брендтерді ілгерілету керек. Қазақстандағы өнімдер жоғары сұранысқа ие, себебі сапасы жағынан талаптарға сәйкес келеді. Менің ойымша, Қазақстанда органикалық өндірісті дамыту үшін тың серпін беру керек. Негізінен, астық және ет өнімдері сапалы болып келеді», - деді сарапшы.