Шетелдік сарапшы Қазақстанның мемқызметшілеріне жұмыс тиімділігін арттыруға кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда заманауи мемлекеттік аппарат құру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілу үстінде.

Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабта болған Азиялық мемлекеттік басқару саласыдағы қауымдастықтың президенті, Йонсей университетінің пройессоры Пан Сук Ким «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесін одан ары жетілдіруге қатысты өз ойларымен бөлісті.

- Мемлекеттік қызмет саласында Астана өңірлік хабының жұмысына қандай баға бересіз? Хаб жұмысын қай бағыттарда жетілдіру қажет?

- Астанадағы Өңірлік хабтың негізгі мандаты - бұл бүкіл әлем бойынша мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ең үздік тәжірибелер туралы ақпараттарды ұсыну, сонымен қатар Қазақстандағы және өңірдің басқа елдеріндегі мемлекеттік қызмет саласының реформаларын ілгерілету. Сондықтан, бұл мандат өте маңызды, зор мәнге ие деп санаймын және Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб қазіргі уақытта өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибелері жайында біліп, Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіруде жаңа креативті идеялар әзірлей алады.

 - Мемлекеттік қызмет жүйесі барынша тиімді бола түсуі үшін не істеу қажет?

- Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі кәсіби болуы үшін қазақстандық мемлекеттік қызметшілер өздерінің жұмыс тиімділігін арттырулары қажеттігін түсінгені жөн. Қазір есептілік контексі өзгеруде. Ал есептілік мемлекеттік қызметшілердің қандай да бір ережелер мен нормаларды сақтауы тиіс екендігін білдіреді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Азаматтардың сұраныстары мен болжалдарына елгезектік таныту қажет. Мемлекеттік қызметші азаматтардың нені қалайтындығын және мемлекет нені талап ететіндігін ойлауы тиіс. Сондықтан да ең бірінші кезекте, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі өз жұмысының тиімділігін арттыруға негізделеді. Бұл үшін Үкіметке мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау, олардың жұмыстарын бағалау жүйесін ілгерілетуі керек. Әрбір басшы өзіне бағынышты қызметкердің жұмысын бағалай  алуы, олардың жұмыс көрсеткіштерін білуі тиіс. Аттестаттау жүйесі айқын индикаторлар мен стандарттарға негізделген болуы қажет. Сонда бұл жүйе әділ болады. Мемлекеттік қызметші жұмысын әділ бағалау өте маңызды. Өйткені, олай болмаған жағдайда олар аттестаттау жүйесіне сенбейді.

- Қазақстанға сапарыңыздың қорытындысына қандай баға берер едіңіз?

- Хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовпен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты одан ары дамыту мәселелері мен қауымдастығымыздың Астанада өтетін жыл сайынғы халықаралық конференцияға дайындық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Бұл конференция сәуір айының 13-14 күндеріне жоспарланып отыр. Аталған халықаралық жиында Азия елдерінің жетекші ғалымдары сөз сөйлейтін болады.

Сонымен қатар жоғары деңгейдегі «Паназиялық диалог: Тиімді басқару және тұрақты даму мақсаттары» сессиясын өткізуді жоспарлаудамыз. Мұнан бөлек, біз мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар, зерттеулер және ғылыми жарияланымдар шығаруды қоса алғанда мемлекеттік басқару саласында Хаб пен Азиялық ұйым ынтымақтастығының негізгі бағыттарын талқыладық.

Сұхбатыңызға рахмет!