Шетелдік сарапшылар Қазақстанның құқықтық саладағы жетістіктері туралы ойларын кітап арқылы жеткізді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 тамыз күні Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай «Қазақстан тренді: тоталитаризмнен демократиялық және құқықтық мемлекетке (сырттай көзқарас)» кітабының таныстырылымы өтті.

Іс-шараның мақсаты тәуелсіз, қуатты әрі өркендеуші Қазақстанның қалыптасуында ел Конституциясының алатын орны мен тарихи рөлін жан-жақты зерделеу. Таныстырылымды Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының кітапханасы» ММ бірлесе өткізді.

Жаңа басылым шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдарының мақалаларынан, пікірлерінен тұрады. Онда Қазақстанның құқықтық саладағы кейінгі 20 жылдағы жетістіктері мен Конституцияның рөлі туралы ойлар топтастырылған.

Авторлар қатарында Ұлыбританияның экс-Премьері Тони Блэр, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының Президенті Джанни Букиккио, Армения, Әзербайжан, Түркия және бірқатар мемлекет Конституциялық кеңестерінің төрағалары бар. Кітап әрқайсысы 3 000 данадан үш тілде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Іс-шараның басталуында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының кітапханасы» ММ атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков қатысушыларды еліміз Конституциясының 20 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, аталған кітап алғысөзінің авторы Игорь Рогов басылымдағы мақалалардың барлығы еркін пікір екенін атап өтті. «Қандай да бір соттың төрағасын немесе ғалымды өзі келіспейтін пікірге автор болуға міндеттей алмайсың ғой. Сондықтан біз қандай материал алсақ, сол қалпында кітапқа енгіздік», - деді ол.

Армения Конституциялық Сотының төрағасы, кітаптың идея авторы әрі бастамашысы, Жаңа демократия елдерінің конституциялық органдары конфедерациясының төрағасы Гагик Арутюнян:

- Қазақстандағы конституциялық даму үдерістерін зерделегенде, мұнда айтарлықтай ерекшеліктер бар екеніне мән бермеуге болмайды. Бұл ерекшеліктерді өз басым тұрақты эволюциялық конституциялық даму ретінде бағаладым. Бұл елдің орасан зор басымдығы. Осы үдерісті терең зерттеп, бағамдап әрі қайбір тұстарын өзімізде, біздің елдеріміздің көбінде пайдалануға болады.

Аталған кітап авторларының бірі, Бремен университетінің профессоры Рольф Книпер:

- Мен Қазақстандағы құқықтық дамуды 1996 жылдан бері бақылап жүрмін. Яғни, бұл елде айрықша айтарлықтай қандай үдерістер болғанын және болып жатқанын өз көзіммен көрдім. Мен кітапқа енген мақалалардың көбімен таныстым. Оларды үш ауыз сөзбен түйіндеп айтып беруге болады. Алдымен, авторлардың барлығы бұл елдің дамуына қатысты аса жылы әрі достық пейілдерін айқын байқатқан. Мақалалардың бәрінде Қазақстанға, оның дамуына деген терең құрмет жатыр. Сондай-ақ олардың барлығы келер күнге байланысты достық ұсынымдарын айта кеткен. Сондықтан бұл еңбекті нақты бір кезеңнің есебі ретінде қарастыруға болады. Менің кішкене ғана жазбам осынау керемет үлгідегі Кітапханада сақталып тұратынына ерекше қуаныштымын.

Таныстырылымда РФ Ұлттық стратегия институты халықаралық жобаларының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан және Орта Азия елдері жөніндегі маман Юрий Солозобов пікір білдірді. «Бұл кітаптың бірегейлігі Президенттің ғылыми білімнің транспаренттігі туралы идеясын жүзеге асыруында. Бір мұқабаның ішіне түрлі елдердің елуден астам авторларының мақаласы енгізілген.

Бұл көз жүгіртіп оқи салатын немесе парақтап қоя салатын кітап емес. Сондай-ақ бұл жинақта құр мақтан жоқ. Өйткені Конституциялық соттың судьясы Қазақстан туралы негізсіз мақтап, мақала жазып өз басының абыройын жояды деп ойламаймын. Олай істеу мүмкін емес», - деді өз сөзінде Ю. Солозобов.

Сондай-ақ шараға отандық және шетелдік ғалымдар, Астана жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері, Елбасы кітапханасы жанындағы «Кемел Ел» жастар тәрбиесі орталығының мүшелері жиналды.

Шара соңында Елбасы кітапханасы қорына «Қазақстан тренді: тоталитаризмнен демократиялық және құқықтық мемлекетке (сырттай көзқарас)» кітабын тапсыру рәсімі өтті.