Шетелдік сарапшылар ҚСЗИ-дің ағылшын тіліндегі журналының авторы болуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік сарапшылар ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер иститутының ағылшын тілінде жарық көретін «Central Asias Affairs» (Орталық Азия саясаты) журналының авторы болуға мүмкіндік алды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне журналдың жаңа пішінін таныстыру барысында ҚСЗИ директорының орынбасары Ботагөз Рақышева мәлім етті.

«Осы жылдан бастап журнал халықаралық стандартқа шамалас, өзгеше пішінде шығаруда. Мақаланың өзінің құрылымы өзгеріп, авторларға арналған нұсқаулық әзірленді. Онда мақала жазудың барлық алгоритмі көрсетілген. Біз редакциялық кеңестік құрамын да өзгертіп, оған шетелдік сарапшыларды қостық. Олар біздің авторларымызға да айналды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, редакциялық кеңес құрамына Джордж Вашингтон университеті халықаралық қатынастар мектебі Орталық Азияны зерттеу бағдарламасының жетекшісі Марлен Ларюэль, «Jamestown Foundations» (АҚШ) сарапшысы Джейкоб Зенн, «Afghanistan Analysts Network» (Германия) директоры Томас Руттинг, Қырғызстанның Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры Талант Сұлтанов, Қытай қазіргі заманғы қарым-қатынастар институты Орталық Азияны зерттеу бөлімінің директоры  Дин Сяосин кіріп отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «Central Asias Affairs» журналын 2013 жылдан бері  3 айда бір рет шығарып келеді. Онда ғалымдар мен сарапшылар Орталық Азиямен байланысты кең ауқымдағы материалдарын жариялайды.