Шетелдік сауда миссиялары Қазақстанға шамамен 60 млн. доллар табыс әкелді
деп хабарлады Экспорт және инвестициялар жөніндегі «Kaznex Invest» ұлттық агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов pm.kz сайтына берген сұхбатында.
«Сауда миссияларының нәтижелері бойынша 60 млн. АҚШ долларының экспорттық келісімшарттарын жасадық»,- дейді М.Майкенов.
«Kaznex Invest» агенттігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 2012 жылы Қырғызстан мен Тәжікстанда 2 сауда миссиясы өткізілді.
Мейіржан Майкеновтің айтуынша, Тәжікстанға жасалған 16-шы сауда миссиясының қорытындысы бойынша 20 млн. АҚШ долларының экспорттық келісімшарттарына қол қойылады деп күтілуде. Бұл сапар тәжікстандық нарықтың қазақстандық тауар өндірушілер үшін әлеуеттілігін көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда, «Kaznex Invest» агенттігі өткен 3 жылдың ішінде 15 шақты сауда миссиясын өткізіп, қазақстандық кәсіпкерлерге өз өнімдерін шетелдіктерге кеңінен таныстыруға, мемлекеттік ведомстволардың басшыларымен келіссөздер жүргізулеріне мүмкіндіктер жасады.
«Сауда миссиялары тек бизнес-бизнес форматында өтіп қоймайды, сонымен бірге сол елдің шенеуніктерімен де кездесулер ұйымдастырылады. Мысалы, Румынияға жасалған сапардың аясында біз өндірушілеріміз үшін сол елдің ауыл шаруашылығы министрімен кездесу ұйымдастырдық, Түркіменстанда елдің вице-министрімен, Ашғабад қаласының мэриясымен кездесулер өтті, ал Қырғызстанда сол елдің денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрлерімен кездесулер болды. Тәжікстанға жасалған соңғы сапарда кәсіпкерлер елдің көлік вице-министрімен, Душанбе мэриясымен кездесті»,- деді Мейіржан Майкенов.
Шетелдерде сауда миссияларын өткізу «Экспортер-2020» бағдарламасының аясында қазақстандық экспортшыларға сервистік қолдау көрсету құралдарының бірі болып табылады.