Шетелдік суретшілер Түркістан облысының табиғатын бейнелейді
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының және облыстық Бейнелеу өнері музейінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға 30-ға жуық қылқалам шеберлері келді. 5 күнге жоспарланған шарада суретшілер аймақтың бірнеше аудандарын аралап, көрікті мекендердің суретін салмақшы. Табиғаты тамылжыған аудандардан бөлек тарихи орындарды да аралап шықпақшы. Атап айтқанда Ордабасы төбе, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінде болып, Шардара су қоймасы мен Сырдария өзеніне барады деп күтілуде.
Пленэр барысында жасалатын 100-ге жуық көркемтуынды оңтүстік жұртшылығының назарына ұсынылады. Шілденің 27-сі күні айтулы шара қорытындыланып, арнайы көрме ұйымдастыру жоспарланған. Осы күні сондай-ақ «Ұрпақтар сабақтастығы» атты шеберлік сабағы өткізілмекші. Бұл өз кезегінде түркістандық жас суретшілердің біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдамақ.