Шетелдік тасымалдаушыларға рұқсат беру формасы өзгертілді

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 9 айда жүріп өту рұқсатының болмауына байланысты 718 шетелдік автокөлік құралдары ұсталды. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 60 пайызға артық. Республикада жүру ережелерін бұзумен күресу мақсатында шетелдік тасымалдаушылар үшін рұқсат берудің жаңа формасы шығарылды.

Рұқсат берудің жаңа формасы бұған дейінгі қолданыста бар 2 құжатты, яғни шетелдік тасымалдаушылардың екіжақты тасымалын орындауға рұқсат беру мен үшінші елдерге және одан жүріп өтуге рұқсат беру құжаттарын біріктірді.

Жаңғыртылған рұқсат беру қорғаудың бірнеше деңгейіне ие: су іспетті белгілер, қорғау микроталшықтары, жеке штрих кодтары бар. Олар бланктерді бұрмалауға жол бермейді. Мұндай фактілер бұған дейін негізінен Ресей, Украин және Түркияның тасымалдаушылары тарапынан кездесіп тұратын. Мұнымен қоса, бланктердің жаңа формаларында жыртылып алынатын бөлігінің болуы оларды қайтадан пайдалану мүмкіндігін болдырмайды.

Шетелдік тасымалдаушылар тарапынан талап бұзушылықтар санын азайту мақсатында, сонымен бірге отандық тасымалдаушылардың халықаралық автокөлік қызмет көрсету рыногындағы үлесін арттыру мақсатында шетелдік тасымалдаушылар үшін рұқсат беру бланктерінің болмауына байланысты айыппұл ұлғайтылды. Айталық, мұндай жағдайда жүргізушілерге айыппұл 25 АЕК (43 275 теңге), ал заңды тұлғаларға 500 АЕК (865 500 теңге) болып белгіленді. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.