Шетелдік ЖОО-ларда 60 мың қазақстандық білімін шыңдап жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы осы уақытқа дейін 13 мың студентке әлемнің жетекші университеттерінде оқуға мүмкіндік берді. Бұл туралы Назарбаев университетінің түлектерімен кездесуде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақ» бағдарламасын осы уақытқа дейін халықаралық рейтингтер бірнеше рет төріне шығарған болатын. Батыс елдерінде жастар бір жыл оқып, келесі жылы оқуын жалғастыру үшін жұмысқа орналасады. Осылайша, өзін-өзі оқытады. «Болашақ» бағдарламасы ата-аналарға серпін беріп, олар балаларын әлемнің үздік оқу орындарына жібере бастады. Қазіргі таңда 60 мың жас қазақстандық Қазақстаннан тыс ЖОО-ларда білімін шыңдап жатыр. Әлемдік санаттағы біздің университеттің құрылуы - елдегі адам капиталын дамытудың келесі қадамы болғаны анық. Әу баста көп адам бұл бастамамызға сенімсіздік білдірген еді. Тіпті бүгін де бұл байлар мен элиталарға арналған оқу дегенді естіп қалып жатамыз. Сіздер олай емес екенін дәлелдедіңіздер», - деді Елбасы.

Тұңғыш Президент өз сөзінде Назарбаев университетіне жастар тек білімімен түсе алатынын мәлім етті. Бұл сөз залдан қолдау тауып, сөз соңы ұзақ шапалаққа ұласты.

«Осы университетке түсетіндей әлеует жинау үшін мен Қазақстанның барлық аймақтарында Назарбаев Зияткерлік мектебін аштым. Елдің түкпір-түкпірінен жас балалар келіп, білімін дәлелдеп, мектептерде оқып жатыр. Міне, дәл сол мектептерден балалар осы ЖОО-ға түсіп жатыр. НЗМ-нің де сынға ілігіп қалатыны бар. Десе де, ол жерде әділетсіздік бар деп ешкім айта алмайды. Бұл - біздің елдегі ең ашық мектеп. Барлық жерде осындай болса деймін. 9 жылдың ішінде университет Қазақстанның брендіне айналды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, НУ жобасы ТМД аумағында жетекші маңызға ие оқу ордасына айналды.

«Ресейді қосқанда барлық ЖОО рейтингіне көз жүгіртсек, біз жоғары тұрмыз. Университеттің сапасы жоғары екенін осыдан біле беріңіздер. Сапалы білім алып келе жатқан сіздер - ең бақытты жас буынсыздар», - деді ол.

Еске сала кетсек, Назарбаев университетінде салтанатты түрде V оқу бітіру рәсімі өтіп жатыр. Биыл аталмыш университеттегі түлектер саны - 963 студент. Оның ішінде 565 студент - бакалавриат, 378 студент - магистратура, 14-і - медицина докторы және 6 студент - докторантура бағдарламасы бойынша оқу бітіріп жатыр.

Түлектердің көпшілігі - Ғылым және технологиялар мектебінің (270 түлек), Инженерия мектебінің (225 түлек), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (168) бакалавриат бағдарламасының студенттері. Магистрлік бағдарлама бойынша Жоғары бизнес мектебін - 82 студент, Жоғары білім беру мектебін - 80 түлек, Жоғарғы мемлекеттік саясат мектебін - 49 түлек, Инженерия мектебін - 70 түлек, Ғылым және технологиялар мектебін - 34 түлек, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебін - 19 түлек, Медицина мектебін - 27 түлек, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылым мектебін - 20 түлек аяқтаған.