Шетелдік жұмыс күшін қазақстандықтарға алмастыру үшін қажетті мамандықтар бойынша ірі оқыту орталықтарын құру қажет-Г. Әбдіхалықова

АНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова шетелдік жұмыс күшін қазақстандықтарға алмастыру үшін Ақтауда, Атырауда және Алматыда бәсі қымбат қажетті мамандықтар бойынша ірі оқыту орталықтарын құруды ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда шетелдік жұмыс күшін алмастыру проблемасы айрықша ерекшеленіп тұр. Біз 23 мың шетелдік жұмыс күшін алмастыруды жоспарлағанбыз. Алайда әкімдіктердің деректері бойынша, тек 6 мыңдай жұмыс күшін алмастыру жоспарланып отыр. Бұны өңірлердің биыл шетелдік жұмыс күшін тартуды тежеп отырғандығымен түсіндіруге болады. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін алмастыру үшін қажетті оқу орындары жеткіліксіз немесе жоқ. Оқу орындарының бағдарламалары жеткіліксіз» деген Г. Әбдіхалықова, бұл проблеманы шешу үшін екі тәсілді жүзеге асыруды ұсынды.

Оның біріншісі - Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Ақтауда, Атырауда және Алматыда ірі орталықтарды ұйымдастыру қажет. Шетелдік жұмыс күшін алмастыру үшін күзгі кезеңде қазақстандықтарды  бәсі қымбат қажетті мамандықтар бойынша оқыту керек.  Екіншісі -  «Жол картасы» бойынша маусым аяқталғасын босаған адамдарды одан әрі қайтадан оқуға жіберу қажет. 

Өз кезегінде, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл бастаманы қолдайтынын атап көрсетті. Осы орайда Үкімет басшысы Еңбек министрлігіне, Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп алдағы кезеңде «Жол картасы» аясында еңбек ететін жұмысшы күшін даярлауға және қайта даярлауға назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар  Премьер-Министр Индустрия және сауда министрлігіне шетелдік инвесторлармен жұмыс күшін даярлау мәселесін бірлесіп пысықтауды жүктеді «Бұл өте маңызды. Біз бұл мәселеге бұған дейін жеткіліксіз назар аударып келдік», деді Үкімет басшысы.