Шетелдік жұмыс күшіне белгіленген квота қазір еңбекке қабілетті халықтың 0,75 пайызын құрайды - Г. Әбдіқалықова

АТЫ. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биылғы 1 маусымнан бастап шетелдік жұмыс күшіне қатысты қосымша жаңа норма енгізілді.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен "Қазақстандағы шетелдік инвестициялар: тәжірибе, міндет және келешек" деп аталатын дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

"Шетелдік жұмыс күшіне берілген квота бұрын еңбекке қабілетті халықтың 1,25 пайызын құрап келген еді. Жұмыс орындары бұл қызметкерлердің өзіне қаншалықты тиімді екенін қайта сараптап, квота соңғы 3 жылда 40-50 пайызға ғана орындалуда. Соның нәтижесінде ол 1,25-тен 0,75 пайызға дейін төмендеді", - дейді Г. Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, Инвесторлар кеңесінде жергілікті персоналдарды оқыту мәселесі қозғалуда. Алдағы уақытта 1-ші дәрежелі персоналдардың 90 пайызы, ал 2-ші дәрежелі персоналдардың 70 пайызы қазақстандықтар болады. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асатын нақты шара.