Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті. Оның атап өтуінше, соңғы 15 жылдың ішінде шамамен 50 мың баланы асырап алған. Бұл ретте әрбір бесінші баланы шетелдіктер асырап алып өз елдеріне алып кеткен. «Ал бұл дегеніміз, шамамен, біздің 9 мың бала деген сөз. Бұған қоса олардың асырап алған отбасындағы өмір сүру жағдайына бақылау жүргізу жұмыстары үзілген», - деді ол.
Бас прокурордың атап өтуінше, асырап алу есептері дер уақытында берілмейді. Бұған қоса, асырап алынған 3,5 мың баланың өмір сүру жағдайына қатысты ақпарат жоқ. Бұл ретте Білім, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің арасындағы үйлестіру жұмыстары әлсіз жүргізіліп отыр.
«Нәтижесінде бүгінгі таңда бізде шетелдік мемлекеттердің азаматтарына берілген 673 қазақстандық баланың қайда екендігі туралы мәліметтеріміз жоқ», - деді А. Дауылбаев.