Шетелдік азамат 200 мың еуроны шекарадан заңсыз шығармақ болған

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада шетелдік азамат Қазақстаннан 200 мың еуроны заңсыз әкетуге әрекеттенгені үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Қылмыстық істі қараған Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қолма-қол валютаны тәркілеп, мемлекет кірісіне аудару туралы үкім шығарды.

Прокуратураның түсіндіруінше, шекарадан 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшаны тиісті рұқсатсыз алып шығуға заң бойынша тыйым салынады.

- Биыл валюталық талаптарды бұзғаны үшін 129 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 88 млн теңгеден астам айыппұл салынған, - деп жазды бақылаушы органнан.

Ведомство азаматтарды шекарадан өту кезінде валюталық операцияларға қатысты ережелерді қатаң сақтауға шақырды.

Айта кетейік, СҚО тұрғыны көлігіне жалған нөмір тағып, шекарадан өтпек болды.