Шетелдік азық-түлік өнімдерін сатып алу шектеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» қаулы жобасына өзгерістер әзірледі.

Фото: Saudagovkz

Атап айтқанда, қаулы жобасында Қазақстан Республикасында өндірілмейтін тауарларды қоспағанда, шетелдік өндірістегі азық-түлік тауарларын мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу көзделген.

Жобаға сәйкес, мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығы тиісті тізілімге енгізілген қазақстандық тауар өндірушілерге беріледі.

Сонымен қатар шектеу қолданылатын тауарлардың тізбесін бекіту және қаулының қолданылу мерзімін екі жыл деп белгілеу ұсынылып отыр.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер елдің конституциялық қағидаттарын қорғау, қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында әзірленген.

Құжат 15 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.

Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы үшінші апта қатарынан өзгермегені жайлы жаздық.