Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Байденмен кездесу, БҰҰ сессиясындағы Тоқаевтың үндеуі және Көшпелі қазақтардың тұрмысы
Осы аптада шетелдік БАҚ-та АҚШ-та Орталық Азиядағы бес мемлекет президенттері қатысқан С5+1 саммиті, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында көтерген өзекті мәселелері, Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімнің ратификациялануы жайлы мақалалар жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолуында.
Anadolu Agency: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшеюі керек – Қазақстан Президенті
20 қыркүйекте түркиялық Anadolu Agency басылымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатта сөйлеген сөзіндегі өзекті мәселелерге назар аударды.
Агенттіктің жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек екенін, Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді.
«Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қосылуға шақырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Voice of America: Байден БҰҰ аясында Орталық Азия елдерінің 5 президентімен кездесті
19 қыркүйек күні Voice of America агенттігі АҚШ президенті Джо Байденнің Орталық Азияның бес мемлекеті президенттерімен кездесуі жайлы мақала жариялады.
«АҚШ президенті Джо Байден Ресей және Қытаймен шектесетін әрі теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ Орталық Азия аймағымен байланысты нығайтуға ұмтылып, Вашингтонның назарын осы өңірге аударып отыр»,-деп жазады басылым.
Байден осындай деңгейде алғаш рет өткен C5+1 дипломатиялық платформасының биылғы отырысына «жылдар бойғы тығыз қарым-қатынасқа негізделген тарихи сәт» деп баға берді.
The Hill: «БҰҰ адамзаттың жақын арадағы ғана емес, тұтас ғасырлық болашағын айқындауға баса мән беруі керек»
19 қыркүйекте америкалық The Hill басылымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «БҰҰ Бас Ассамблеясы адамзаттың жақын арадағы ғана емес, тұтас ғасырлық болашағын айқындауға баса мән беруі керек» деген мақаласын жариялады.
Материалда климаттың өзгеруі, жасанды интеллект сияқты салалар резонанс тудыратыны жазылған. Сондай-ақ соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, қауіп-қатерлерге дайын емес екенімізге де тоқталған. Оған пандемия айқын мысал екенін атап өткен.
«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру қажет деп санаймыз. Бұл құрылым әлем қауымдастығының алдағы уақытта пайда болуы ықтимал пандемиямен тиімді күресуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге біз жаһандық су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ашық көтеріп келеміз. Уран, литий, сирек кездесетін металдар және басқа да маңызды пайдалы қазбаларды игерудің тиімді тәсілдерін іздестіру арқылы болашақтың экономикасын қалыптастыру үшін халықаралық серіктестермен тізе қосып жұмыс істей береміз», - деп жазады Президент.
Anadolu Agency: АҚШ президенті Нью-Йоркте Орталық Азия елдерінің басшыларымен саммит өткізіп жатыр
20 қыркүйекте түркиялық Anadolu Agency агенттігі АҚШ-та Орталық Азиядағы бес елдің президенттері С5+1 диалог форматы аясында АҚШ басшысымен кездескені жөнінде материал жариялады.
С5+1 кездесуіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев қатысты. Саммит БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өтті.
«Менің ойымша, бұл – тарихи сәт. Біз Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастықты қолдауға негізделген көп жылдық ынтымақтастығымызды дамытып жатырмыз»,-деді Байден кездесу қорытындысы бойынша.
Басылымның хабарлауынша, Джо Байден Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен. Сондай-ақ АҚШ басшысы өңірдегі қауіпсіздікті қаржыландыру, терроризммен күрес, экономика, энергетикалық қауіпсіздік, логистика және мүгедектігі бар жандар құқығы сияқты бірқатар салада ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін мәлім етті.
Агенттіктің жазуынша, осы саммит Вашингтонның Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Forbes: Қазақстан күтпеген жерден Еуро-2024 іріктеуінде еуропалықтарды таңғалдырды
Forbes басылымы 18 қыркүйекте футболдан Қазақстан құрамасы жайлы мақала жариялап, оның «Еуро-2024» турниріне жолдама алу мүмкіндігін сараптап көрді.
«Қазақстан өз тарихында алғаш рет ірі халықаралық футбол жарысына жолдама алуға мүмкіндігі зор. Бұған дейін бұл елдің футболшылары Әлем кубогы немесе Еуропа чемпионатына қатысып көрген жоқ. Келесі жылы жазда Германияда Еуропаның ең мықты ұлттық құрамалары Еуро-2024 кубогы үшін таласады. Сол кезде олардың жолында күтпеген қарсылас кездесуі мүмкін»,-деп жазады басылым.
Trend News Agency: Қазақстан Парламенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялады
20 қыркүйекте әзербайжандық Trend агенттігі Қазақстан Парламенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялағанын хабарлады.
Қорды құру бастамасын Әзербайжан Түркі мемлекеттері ұйымының 2021 жылдың наурыз айында өткен бейресми саммитінде ұсынған еді.
«Заң жобасын палатаның жалпы отырысында таныстырған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазіргі жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның сыртқы байланыстарын әртараптандыру басты міндеттердің бірі екенін атап өтті»,-деп жазады басылым.
Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының міндеті – экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын және оларды енгізуді ынталандыру. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі Түркі инвестициялық қорын құру болды.
Vogue India: Көшпелі қазақ халқы қалай өмір сүрді
20 қыркүйекте үндістандық Vogue India журналында көшпелі қазақ халқының тұрмыс салты, салт-дәстүрі, адамдары жайлы көлемді материал жарияланды.
«Қазақстан Орталық Азияда орналасқан дүние жүзіндегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет.
Ертеде қазақтар көшпелі халық болған, малмен күн көріп, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүрген. Олар қайыңнан немесе ағаштан жасалған және жылуды сақтау үшін киізбен қапталған дөңгелек жылжымалы үйлерде – киіз үйлерде тұрды. Кеңес үкіметі орнаған соң олар бір жерге қоныстануға мәжбүр болып, бірте-бірте көшпелі өмір салты жойылды. 2014 жылы қырғыз және қазақ киіз үйлерін жасаудың дәстүрлі тәсілдері мен дағдылары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді»,-деп жазады басылым.
Назерке Сүйіндік