Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: «Орта дәліздің» болашағы, АҚШ-пен байланыс және Алматыға саяхат
Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия президентімен сөйлескені, «Орта дәліздің» болашағы, Қазақстан мен АҚШ-тың байланысы, Малайзиямен ынтымақтастық, CGTN ақпарат агенттігі тілшісінің Алматыға саяхаты жайлы мақалалар жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолуында.
Daily Sabah: Түркия мен Қазақстан президенттері екі елдің байланысы мен аймақтық мәселелерді талқылады
2 қазанда түркиялық Daily Sabah басылымы өткен дүйсенбіде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы тілдескені жайлы жазды. Агенттіктің хабарлауынша, мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынас пен аймақтық және жаһандық мәселелерді талқылаған.
«Әңгімелесу барысында екі елдің көшбасшылары қараша айында Қазақстанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) саммиті аясында Мемлекет басшылары кеңесінің күн тәртібіне енгізілуі мүмкін тақырыптар бойынша пікір алмасты», - делінген Түркия коммуникациялар басқармасының хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін саммит наурыз айында Анкарада өткен болатын.
Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы құрылды. Қазіргі уақытта ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстан байқаушы мәртебесіне ие.
Agenda.ge: Қазақстанда Грузия, Әзербайжан, Түркия, Румыния өкілдерімен Орта дәліздің болашағы талқыланып жатыр
1 қазанда грузиялық Agenda.ge басылымы Қазақстанның Ақтау қаласында Орта дәліз жобасы жайлы жазды. Басылымның хабарлауынша, өткен жексенбі күні Грузия темір жол делегациясы Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және Румыниядан келген әріптестерімен бірге Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты, логистика, жеткізілімдер және тізбектер тақырыбында жиын өткізген.
«Кездесуге қатысушылар биылғы сегіз айдағы жұмыс нәтижелері мен жаңа геосаяси ахуалдағы тасымал мәселелерін талқыға салды»,-деп жазады басылым.
Тараптар сондай-ақ орта дәлізде тасымалдау шарттарын оңтайландыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы құжатты, сонымен бірге Каспий теңізіндегі фидерлік кемелер жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі келісімді талқылаған.
Eureporter: «Экономикалық көпір» салу: Қазақстан мен АҚШ-тың байланысы дамып келеді
6 қазанда Eureporter басылымында Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы, еліміздің шетелдік инвестиция тарту жөніндегі өңірлік көшбасшы ел ретіндегі рөлі жайлы мақала жарияланды.
«2021-2022 жылдар аралығында Қазақстан мен АҚШ-тың тауар айналымы 37%-ға артқан, бұл екіжақты сауданың айтарлықтай өскенін көрсетіп отыр. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 2022 жылы 1,15 миллиард долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт 1,9 миллиард долларға жетті. АҚШ-қа негізгі экспорт – минералдар (60,2%) мен металдар (20,3%), ал негізгі импорт – көлік құралдары (30%) мен машина (26,7%)»,-делінген мақалада.
Автордың пікірінше, бұл өсім Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс берік екенін көрсетеді. Оны 166 бірлескен кәсіпорын да дәлелдеп отыр.
New Straits Times: Малайзияның Еңбек министрлігі Сауд Арабиясы, Қазақстан үкіметтерімен бірге жол қауіпсіздігі мен техникалық қызмет көрсету бойынша бастамаларды талқылады
4 қазанда малайзиялық газетNew Straits Times Малайзияның Еңбек министрі Датук Сері Александр Нанта Лингги Сауд Арабиясы Көлік және жол вице-министрі Бадр Бин Абдулла әл-Дуламимен және Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаевпен инфрақұрылым, қауіпсіздік және автомобиль жолдарын күтіп ұстауды жақсарту жоспарларын талқылағанын жазды.
«Нанта екі делегациямен де Прагада Жол конгрестерінің тұрақты халықаралық қауымдастығы (PIARC) ұйымдастырған 27-Дүниежүзілік жол конгресі 2023 іс-шарасында кездескенін айтты. Сауд Арабиясы делегациясымен кездесуде ол екі елдегі жол қауіпсіздігі және техникалық қызмет көрсету аспектілері бойынша стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ал Марат Қарабев Малайзиядағы порт инфрақұрылымын салу, дамыту және басқару саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытқанын айтқан»,-делінген басылымда.
Euronews: Германия мен Орталық Азия елдері «Орта дәліз» бойынша қарым-қатынасты дамытпақшы
30 қыркүйекте Euronews басылымы Германия канцлері Олаф Шольц Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларымен кездесіп, аймақтық және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылағаны жөнінде мақала жариялады.
«Германия канцлері Олаф Шольц жұма күні Орталық Азияның бес мемлекетінің басшысымен кездесті. Берлинде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ аймақты Еуропамен байланыстыратын «Орта дәлізді» дамыту мәселелерін талқылады»,-деп жазады агенттік.
CGTN: Алматыға саяхат
2 қазанда CGTN ақпарат агенттігі «Алматыға саяхат» деген атаумен мақала жариялады.
Онда автор «Алматы - Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағының негізгі қаржы, технологиялық, білім беру, мәдени және көлік орталығы, сондай-ақ Қытай мен Қазақстанды байланыстыратын маңызды көпір қызметін атқаратынын жазады.
«Алматы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына елеулі үлес қосады. CGTN тілшісі қаланы аралап жүріп, қытайлық брендтер орналасқан көшеде аккордеонда ойнаған музыканттарды кездестірді. Панфиловшылар саябағында туристер Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан 28 жауынгерді еске алуға арналған мәңгілік алау жанында жүр. Вознесенский соборының жанындағы алаң жергілікті тұрғындар мен туристерге толы, оның ішінде Орталық Азияның басқа елдері мен Қытайдан келген туристердің көгершіндерді тамақтандырып жүргенін көруге болады»,-деп жазыдған мақалада.