Шетелдік блогерлер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы спорт түрлерімен танысты

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде 5-ші  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы мамандары шетелдік блогерлерге отандық туризмді дамыту перспективалары мен презентациясын және ұлттық спорт түрлері элементтерін көрсетті.

Іс-шараға 8 мемлекеттен, атап айтқанда, Таиланд, Малайзия, Қытай, Оман, Түркия, Әзербайжан, Вьетнам, Италия және Қырғызстаннан 11 шетелдік блогер қатысты. Бұл ретте, ҚР Сыртқы істер министрлігінің де танымдық кездесуге мұрындық болғанын атап өткен жөн. Қатысушылар арасында малайзиялық Nur Ruhainies Farehah, Instagram-да 1,7 миллион және TikTok-та 738,7 мың жазылушысы бар актриса әрі жүргізуші, Қытайдан келген Wang Jianing, Xiaohongshu, Douyin және Weibo-да үлкен оқырманы бар фуд-блогерлер болды. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Іс-шара аясында шетелдік блогерлер қазақ күресі, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ, мангала, овари, мас-рестлинг және садақ ату спорт түрлерімен танысты. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Бұл іс-шара еліміздің оң имиджін, туристік әлеуетін және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын миллиондаған шетелдік блогерлер аудиториясына насихаттауға мүмкіндік береді», - дейді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы Мәдени, ғылыми іс-шараларды, «Бірлік керуені» және «Этноауыл» жобаларын үйлестіру бөлімінің бас маманы Арайлым Зият.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Түркия елінен келген блогер Кемал Кая кез келген спорттық жарыс көптеген ел халқын жақындастыра түсетінін атап өтті. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының арайлы Астана қаласында өтуі дұрыс шешім. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан сұлу шаһарда сайысудың өзі мәртебе. Бұл ретте, Қазақстан жарысты жоғары деңгейде өткізетініне сенімдімін», - деді ол.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Айта кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform