«Transport for London мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, ақпарат құралдарында шетелдік елшілік қызметкерлері Лондонның орталығына кіргені үшін алым төлемегені туралы деректер 2003-2023 жылдар аралығында қаражатты қамтитынын хабарланған. 2003 жылдан бастап британ астанасының орталығына (көлікпен) кіру үшін төлем енгізілген. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ғимараты Лондонның орталығында орналасқан. Онда жүргізушілер жұмыс күндері сағат 7:00-ден 18:00-ге дейін, ал демалыс әрі мереке күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін кіру үшін 15 фунт төлеуі керек. Яғни, Елшілік қызметкерлері өз аумағына баруына төлем салынып отыр. Лондондағы шетелдік дипломатиялық корпустың – сол аумақтағы елшіліктердің жалпы пікірі бойынша бұл төлем жергілікті салық ретінде саналады. 1961 жылғы Дипломатиялық қарым-қатынас туралы Вена конвенциясында көрсетілгендей, дипломаттар жергілікті салықтан босатылған», - деді А. Смадияров министрліктегі апталық баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда ресми өкіл Лондондағы компания жариялаған ақпарат аталған алым-салыққа қатысты екенін, осы қаражат жол ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұлға жатпайтынын нақтылады.
«Басқа да елшіліктер оны төлейміз деп шешсе, онда біз де осы жағын қарастырамыз. Жалпы, аталған конвенцияға сәйкес, дипломаттар салық төлемеуі керек. Бұл өз кезегінде айыппұл емес, салық ретінде қарастырылған. Осы ретте, Қазақстан ғана емесе, бірқатар елдің елшіліктері сол аумақта шоғырланған. Басқа да елшіліктер бұл алымның заңсыз екенін айтып отыр», - деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, жақында Лондон мэриясының бақылауындағы британдық Transport for London (TFL) мемлекеттік компаниясы 20 жыл бойы ақылы жолдармен жүргені үшін ақша төлемеген қарыз елшіліктердің тізімін жария етті. Бұл ретте, шет мемлекеттердің елшіліктері Лондонға 145 млн фунт қарыз екенін жазған едік. Бұл тізімде Қазақстан да бар.
Тізімнің басында 14,6 млн фунт қарызбен АҚШ тұр. Одан кейінгі елдердің қарызы мынадай: Жапония — 10 млн фунт, Үндістан — 8,5 млн фунт, Нигерия — 8,4 млн фунт, Қытай — 7,9 млн фунт, Ресей — 6 млн фунт, Польша — 5,2 млн фунт, Гана — 5 млн фунт.
Қазақстан тізімде 9-орында тұр. Қарызы – 4 652,755 (шамамен 5,9 млн доллар) фунт.