«Министрлікке шетелдік инвесторлардан сирек кездесетін металл кеніштерін игеру жөнінде ұсыныстар жиі түсіп отырады. Тиісті жұмыс негізінен жоғары технологиялық өнімдерде, аккумуляторларда қолданылатын және оған қатысты қосалқы металдарды өндіру және өңдеу бағытында жүргізіледі (лантаноидтар тобында кездесетін сирек металдар, литий, вольфрам және т.б.). Бүгінгі таңда шетелдік инвесторларға игеру үшін ұсынылатын бірқатар кен орындары мен телімдері бар», - деп жазылған жауапта.
Бұл жердегі лантаноидтар тобы деген – лантан, церий, празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютеций сияқты 15 химиялық элементтің шоғыры. Бұлар сирек кездесетін металл болып есептелгенімен табиғатта жиі кездеседі. Бірақ жер қыртысында тым шашыраңқы шөккендіктен екшеп, игеру өте қиын. Бұл элементтер электроникада, магнит пен оптикалық талшықтар өндірісінде, лазер технологиясында, химиялық және ядролық өнеркәсіпте, газ сақтау технологиясында, биомедицинада, химиялық сенсорларда қолданылады.
Министрліктегілер нақты қай кеніште қандай металдың қанша қор бар екенін ашып айтпады.
«Бұл телімдердің басым бөлігі геологиялық барлауды және бұрыннан бар ресурстарды толық барлауды қажет етеді. Олардың кейбіреулерінде отандық компаниялар геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Сирек кездесетін элементтер мен жер металдарының келешегі бар телімдері негізінен Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда (Арал өңірі) және Алматы облыстарында шоғырланған», - делінген СІМ мәліметінде.