Шетелдік кинологтар неліктен қазақы тазыға тәнті

АСТАНА. KAZINFORM – Тазының халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстанға бұл тұқымның шыққан елі мәртебесін бекітіп қана қоймай, оның қазақ халқының мәдениетімен және дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен тарихи байланысын халықаралық тұқым стандартына енгізуге мүмкіндік берді.

видеодан алынған кадр

Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында қонақ болған Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан бұл тарихи байланысты тұқымның халықаралық стандартында нақты көрсетуді мақсат тұтты.

— Біз бұл тарихи байланыстың, яғни тұқымның халқымыздың дәстүрлі, көшпелі өмір салтымен байланысының халықаралық стандарттың өзінде көрініс табуына әдейі күш салдық. Тіпті стандартта тазының «Жеті қазына» ұғымына кіретіні нақты көрсеттік, — деді сарапшы.

Одақ басшысының айтуынша, халықаралық деңгейде мойындалу тазы тұқымын сақтаудың ең сенімді тетіктерінің біріне айналды.

— Біз тарихымыздың символын бекіттік, бұл тұқымды халықаралық тізілімдерге енгіздік, — деді Бауыржан Серікқали.

Сарапшының атап өтуінше, шетелдік кинологтардың тазыға қызығушылығы оның байырғы тұқымдар ішіндегі өзіндік ерекшеліктеріне де байланысты. Мұндай иттер табиғи сұрыпталу нәтижесінде қалыптасып, белгілі бір ортада өмір сүруге және жұмыс істеуге қажетті қасиеттерін сақтап қалған.

— Тазы сынды байырғы ит тұқымдары табиғи жолмен қалыптасқан, бұл — халықтың табиғи сұрыптауының нәтижесі. Сондықтан біздің тазыға деген қызығушылық өте жоғары, — деп түсіндірді ол.

Тазы тұқымы халықаралық деңгейде мойындалғаннан кейін халықаралық чемпионаттарға қатыса бастады. Соның арқасында шетелдік мамандар қазақы ит тұқымын ірі кинологиялық іс-шараларда көзбе-көз көруге мүмкіндік алды.

Мұның үстіне халықаралық мәртебе тазының өзіне ғана емес, оның иелері мен тұқым өсірушілеріне де жаңа мүмкіндіктер ашты. Енді олар ірі халықаралық іс-шараларға қатысып, кинологиялық атақтарға таласа алады және қазақы тазыны шетелдік аудиторияға таныстыру мүмкіндігіне ие.

Осыған дейін шетелдік сарапшыларды қазақы тазының қай қасиеті қызықтыратыны туралы жаздық.