Шетелдік көрмелерде Алматыны таныстыруға 800 млн теңге жұмсалады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Туризм бағытында өтетін шетелдік көрмелерде Алматыны таныстыруға қомақты қаржы жұмсалмақ.

Мемлекеттік сатып алу сайтында әртүрлі қалаларда «Алматы қаласының туризм күндері» іс-шарасын өткізу жөніндегі 10 хабарландыру жарияланған. Олар қатарында:

1. OTM Mumbai, Үндістан Халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 82 451 750 теңге;

2. ATM Dubai халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 82 631 500 теңге;

3. SITF Сеул халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 81 788 500 теңге;

4. ITB China Шанхай халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 80 388 000 теңге;

5. ITE Hong Kong халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 82 828 000 теңге;

6. Малайзияның MATTA Fair халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 74 294 600 теңге;

7. Токио қаласында Tourism Expo Japan халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 86 409 500 теңге;

8. QTM Доха халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 78 185 500 теңге;

9. GITF Гуанчжоу халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 78 695 500 теңге;

10. ITB Asia Сингапур Халықаралық туристік көрмесіне қатысуға – 92 125 500 теңге.

Фото: Алматы әкімдігі

Аталған көрмелерді Алматы туристік тұрғыдан таныстыру жұмсалатын жалпы сома – 800 млн теңгеден асады. Осы орайда, Kazinform агенттігі Алматы қаласының туризм басқармасына сауал жолдап, бюджет қаражатына мұндай іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсау қаншалықты тиімді екенін және қандай нәтиже әкелетінін сұрадық.

Ведомство жауабына сәйкес, аталған көрмелер әлемдік туристік нарықтың негізгі хабтарында өткізіледі және Азия мен Таяу Шығыс өңірлеріндегі мақсатты туристік аудиторияны қамтиды.

Фото: Алматы әкімдігі

Туризм басқармасының өкілдері бұл алаңдарда Алматы қаласының туристік бренді халықаралық деңгейде нығайтылып, қаланың мәдени мұрасы, табиғи-рекреациялық ресурстары, іскерлік және медициналық туризм бағыттары кеңінен таныстырылатынын атап өтті. 

Сонымен қатар шетелдік туроператорлармен, әуе компаниялармен, инвесторлармен және халықаралық медиа өкілдерімен 200-ге жуық B2B-келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 50-ден астам ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасауға мүмкіндік бермек.

- Мұндай іс-шаралар шетелдік туристік ағынды арттыруға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және Алматы қаласының өңірлік туристік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді. Көрмелер аясында Қазақстан Республикасы мен шетелдік серіктестер арасында туристік алмасуды арттыруға бағытталған ынтымақтастық меморандумдарын бекіту көзделіп отыр.

Осылайша, 2026 жылы халықаралық туристік көрмелерге қатысуға бөлінетін қаражат қысқа мерзімді шығын емес, Алматы қаласының туристік саласын тұрақты дамытуға бағытталған стратегиялық инвестицияға жатады, – делінген басқарма жауабында.

Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ ведомство әр іс-шараға бөлінген қаржы көрме алаңын жалға алу, бірыңғай ұлттық стендті әзірлеу және безендіру, ақпараттық және жарнамалық материалдарды дайындау, мультимедиялық контентті ұсыну, сондай-ақ ұйымдастырушылық, техникалық және логистикалық қызметтерді қамтамасыз етуге бағытталатынын хабарлады. 

- Халықаралық көрмелерге Алматы қаласының туристік әлеуетін таныстыруға жауапты сала мамандары қатысады. Делегация құрамына қалалық туризм саласына жауапты мемлекеттік органның өкілдері, туроператорлар, сондай-ақ халықаралық іскерлік серіктестермен B2B-келіссөздер жүргізуге уәкілетті туристік индустрия мамандары енгізіледі. Қатысушылар саны мен құрамы әр көрменің форматы мен мақсаттарына сәйкес оңтайлы түрде қалыптастырылып, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталады, – делінген жауапта.

Туризм басқармасы 2025 жылы Алматы қаласы 9 халықаралық туристік көрмеге қатысып, шетелдік серіктестермен 270 келісімге қол қойғанын атап өтті. Аталған келісімдер шамамен 224 мың шетелдік турист тартуға бағытталған.

Фото: Алматы әкімдігі

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының туристік саласынан жергілікті бюджетке түскен салық түсімдерінің көлемі 84 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,2%-ға жоғары. Туристік саланың жергілікті бюджетке түскен жалпы салық түсімдеріндегі үлесі 3,9%-ға жетті. Осы нәтижелер халықаралық көрмелерге қатысуға қаланың туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған тиімді инвестиция екенін көрсетеді, – деп атап өтті ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Алматы туристік әлеуетін Азия елдерінде жарнамалап жатқанын жазғанбыз.