Шетелдік онлайн-дүкендер ҚҚС бойынша шартты есепке қойылады – Комитет

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шетелдік компанияларды қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша бойынша шартты тіркеу механизмі енгізілді. Бұл қазақстандықтарға тауар сататын немесе электронды қызметтер көрсететін шетелдік онлайн-дүкендер мен сервистерге қатысты.

– Шартты түрде есепке қоюды салық органдары жүзеге асырады, олар ҚҚС төлейтін шетелдік компаниялардың тізілімін жасайды, - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетінің ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық.

Оның айтуынша, бұл механизм интернет арқылы қазақстандық нарықта жұмыс істейтін шетелдік жеткізушілерге салық салу тәртібін ретке келтіруге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. 

Реестрі жүргізу және оған енгізілетін деректер тізімін айқындау уәкілетті орган құзыретінде болады.

– Шартты тіркеуден өту үшін шетелдік компания салық органына қажетті мәліметі бар растау хатын жібереді. Мұны Қазақстандағы сатып алушыдан алғашқы төлем түскен күннен бастап бір ай ішінде жасау қажет. Деректер өзгерген жағдайда компания салық органын 10 жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті, - деді Е. Әзімшайық. 

Шетелдік компанияны ҚҚС төлеуші ретінде тану күні – сатып алушының алғашқы төлем жасаған күні болып есептеледі. 

– Қазіргі уақытта Apple, OpenAI секілді негізгі, үлкен интернет алаңдар тіркеліп, 16 пайыз ставкамен салықтарын төлеп отыр. Сәйкесінше оларға жаңа жылда қайтадан тіркелу міндетті емес. Жаңа Салық кодексі бойынша ешбір жаңа талап қойылмайды. Егер шетелдік компаниялар салығын уақытында төлемесе, қосымша өсімпұлымен бірге төлейді. Біз хабарлама жібергеннен кейін де, салық төлемесе, тіркелмесе, интернет-ресурстарға шектеу қойылып, бұғатталады, - деп толықтырды Е. Әзімшайық.

Бұған дейін кеден және салық жеңілдіктері кімге және қандай жағдайда берілетіні түсіндірілген еді.