Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Кинологтар одағының басшысы Бауыржан Серікқалиұлы қазақы тазыны халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
Оның сөзінше, 2024 жылдың қыркүйегінде қазақы тазы Халықаралық кинология федерациясынан алдын ала мойындау алған. Енді алдағы бірнеше жыл ішінде тұқымның саны, денсаулығы, генетикалық тұрақтылығы мен сапасына қатысты талаптар орындалуы тиіс.
— Біздің басты мақсатымыз көрмеден жүлде алу емес, қазақы тазыны толық халықаралық деңгейде мойындату. Қазір шетелден келіп, бұл тұқымды қайдан алуға болатынын сұрайтындар көбейді. Бұл қазақы тазыға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді, — дейді Бауыржан Серікқалиұлы.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық кинологтар халықаралық көрмелермен қатар арнайы таныстыру жұмыстарын да күшейткен. Мәселен шетелдік сарапшыларға арналған дәрістер ұйымдастырылып, қазақы тазының стандарттары, мінез ерекшеліктері мен аңшылық қасиеттері таныстырылған.
Шетелдік сарапшыларды әсіресе тазының денсаулығы қызықтырады. Табиғи сұрыпталу арқылы қалыптасқан тұқым болғандықтан, көптеген жасанды жолмен алынған иттерде кездесетін генетикалық аурулар қазақы тазыда мүлде болмайды.
Сонымен қатар тазының мінезі мен аңшылық қабілеті де ерекшеленеді. Күнделікті өмірде байсалды әрі сабырлы көрінгенімен, аңшылық кезінде оның табиғи инстинктері толық ашылады.
— Тазының ерекшелігі де осында. Үйде немесе көрмеде өте тыныш жүреді. Бірақ далада аң көрсе, мінезі бірден өзгереді. Мақсатына жеткенше тоқтамайды. Ал дегеніне жеткен кезде қайта сабырлы қалпына келеді. Сарапшылардың қызығатыны да осы қасиеті, — дейді Бауыржан Серікқалиұлы.
Маманның айтуынша, қазақы тазыны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Өйткені тұқымның толық мойындалуы тек көрме нәтижелерімен емес, ұзақ мерзімді селекциялық және ғылыми жұмыстармен тікелей байланысты.
Еске сала кетейік, 2-7 маусым аралығында Италияның Болонья қаласында әлемдегі ең беделді кинологиялық форумдардың бірі — World Dog Show 2026 көрмесі өткен болатын.
Бұл көрмеде жас қазақы тазы Челси үздік иттердің төрттігіне енді. Челсидің иесі Италиядағы жеңіс туралы айтып берген еді.