Шетелдік студенттер Қазақстанға 30 млрд тг табыс әкелді — Саясат Нұрбек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанды Еуразияның білім және ғылым орталығына айналдыруға бағытталған ауқымды жоба жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Ассамблеясында Kazinform агенттігінің тілшісіне хабарлады.
— Әлемдік озық университеттердің Қазақстанда белсенді жұмыс істеуі — білім жүйесін жаңартуға қосқан үлес қана емес, елдің экономикалық дамуы мен жаһандық беделін арттырудың маңызды тетігі, — дейді Саясат Нұрбек.
3 қыркүйекте Астанада Ұлыбританияның беделді университетінің филиалы — Cardiff University Kazakhstan кампусы ашылған еді.
Мұндай жаңа жобалар алдағы уақытта да жалғасады. Мәселен, 14 қазанда астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында МГИМО университетінің филиалы іске қосылады. Оған 100 мемлекеттік грант бөлінген. Дәл сол айда 2300 орынға арналған оңтүстік кореялық Woosong университетінің кампусы да ашылады. Түркістанда білім беретін инновациялық кампус жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік бағдарламаларын ұсынады.
— 2024 жылы Қазақстанда 31,5 мың шетелдік студент оқыды. Бұл бүкіл тарихтағы рекордтық көрсеткіш экономикаға 30 миллиард теңгеден астам табыс әкелді. Және шамамен 40 мың жұмыс орнын құруға ықпал етті. Бірінші рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып кетті. Ең көп студент Үндістан, Қытай және Пәкістаннан, — деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, 2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттердің санын 100 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша білім беру қызметтерінің экспорты 400 млрд теңгеге дейін артпақ. Бұл үшін шетелдік университеттердің филиалы белсенді түрде ашылып жатыр. Олардың 85%-ы ұлттық экономика басымдықтарына сәйкес техникалық және IT саласына бағдарланған.
Сонымен қатар, инфрақұрылымның дамуы да қатар жүріп жатыр. Соңғы жылдары жатақхана тапшылығы 82,5 мыңнан 15 мыңға дейін қысқартылды, Астанада рекордтық 2656 орындық жатақхана пайдалануға берілді, ал Алматыда биыл 4280 орынға арналған жаңа кампус ашылады.
Білім саласының сарапшылары шетелдік университет филиалдарының ашылуы мен шетелдік студенттер санының өсуін білім саласындағы ілгерілеу ғана емес, Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін нығайтуға да оң ықлал етеді деп бағалап отыр.
Елімізде Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея және Ресей университеттерінің ашуы Қазақстанға артылған сенімді көрсетеді. Нәтижесінде жастарға шетелге бармай-ақ сапалы білім алу мүмкіндігін ашады.
Айта кетейік, бүгін ШҚО-да Қазақстан мен Германия университеттерінің Консорциумына қол қойылды.