Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.
— Еңбек нарығына қатысты алаңдаушылық болмауы тиіс деп ойлаймын, экономика тұрғысынан алғанда белгілі бір серпін пайда болады. Себебі студенттер келгенде, олардың ата-анасы да келеді, бұл экономикаға үлес, себебі олар пәтер жалдайды, түрлі қызметті пайдаланады, — деді Светлана Жақыпова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, студенттік виза беру процесі құқық қорғау органдары тарапынан бақыланады.
— Бір студент елімізде жұмысқа тұрса, бірнеше жұмыс орнын ашуға ықпал етуі мүмкін. Сондықтан алаңдауға себеп жоқ, — дейді ол.
Еске сала кетсек, Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдік студенттерге Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін виза енгізу туралы мәлімдеген еді.