Шетелдік туристер алданып қалмас үшін келер жылдан бастап QR-код жүйесі енгізіледі
Келер жылдан бастап барлық жерлерге QR-код орнату жоспарланып отыр. Оны сканерлеген кезде шетелдік туристке керек бүкіл ақпарат шығады.
Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері шетелден сапарлап келген туристердің қазақстандық такси қызметі мен өзге де жерлерде алаяқтардың арбауына түсіп қалмасы үшін қандай жұмыс қолға алынғанын сұрады.
«Бұл проблема шынымен де бар. Бүгін де осындай бір ақпаратқа куә болдық. Сол мәселені шешу үшін әуежайларға QR-код жүйесін енгізуді қарастырып жатырмыз. Келер жылдан бастап барлық өткелдерге QR-код орнату жоспарланып отыр. Оны сканерлеген кезде шетелдік туристке керек бүкіл ақпарат болады. Атап айтқанда, жедел желі нөмірі, ресми жұмыс істеп жүрген таксилер және олардың базалық ставкалары туралы деректер, одан басқа еSIM электрондық сим-картасы болады», - деді Ержан Еркінбаев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір мұндай жүйе жоқ. Бұл жобаны келер жылдан бастап «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы іске қоспақ.