Шетелдік туристерді Қазақстан медицинасының қандай қызметтері қызықтырады

Фото: Фото: А.Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылуына арналған халықаралық форум өтті. Іс-шара барысында Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец шетелдік туристерді еліміздің медицинасының қай салалары қызықтыратынын айтты.

Оның айтуынша, әлемде медициналық туризм саласы қарқынды дамып келеді.

- Бірнеше күн бұрын біз Бейжіңдегі медициналық туризмнің халықаралық көрмесіне қатыстық. Сонда Қытай тарапынан біздің медицинамыз бен денсаулық сақтау жүйесіне үлкен қызығушылықты бар екенін байқадық. Жыл сайын медициналық туризмнің ауқымы өсіп келеді, орташа жылдық қарқыны - 23%. Бұл көрсеткіш айтылған саланың туризм мен бизнес үшін өте перспективті бағыт екенін көрсетеді, - деді ол.

Сонымен қатар Кристина Кривец шетелдік туристерді Қазақстанның қандай медициналық қызметтерді қызықтыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан репродуктивті медицина, онкологиялық аурулардан емдеу, шаш отырғызу қызметтері бойынша әлем елдерімен бәсекеге түсе алады.

- Бүгінгі күні медициналық туризмдегі ең танымал қызметтер - бұл пластикалық хирургия мен косметология. Бірақ Қазақстан бұдан бөлек қызметтерді де ұсына алады. Біз мединицалық қызмет алғысы келетін туристер үшін негізгі бағыттарды анықтау үшін зерттеу жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша ең сұранысқа ие бағыт - репродуктивті медицина, экомедицина. Тіпті, халықаралық көрме кезінде репродуктивті медицина бойынша қызмет көрсететін мекемелерімізге қызығушылық жоғары екенін байқадық. Одан кейін кардиохирургия, нейрохирургия, онкологиялық ауруларды емдеу бағыттары. Біз қытайлық операторларға Астанада ақпараттық тур өткізген кезде онкология саласында қызығушылық бар екенін байқадық. Сондай-ақ, біз шаш отырғызу бойынша тиімді жұмыс жүргізе аламыз. Қытай тарапынан жиі сұралатын қызметтердің бірі осы. Біз медициналық туризм үшін жиі таңдалатын Германия, Түркия, Израиль, Ресей секілді мемлекеттермен бәсекелесе аламыз, - деді Кристина Кривец.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жабылғанын жазғанбыз.