– Шетелдік пациенттер арасында медициналық көмектің келесі бағыттары сұранысқа ие: кардиология және кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және сәулелік терапия, ортопедия және травматология, офтальмология, стоматология, репродуктивтік медицина, медициналық оңалту, сондай-ақ диагностикалық және check-up бағдарламалары. Еліміздің медициналық ұйымдарында мамандандырылған және жоғары технологиялық араласулар, оның ішінде жүрекке жасалатын операциялар, нейрохирургиялық және ортопедиялық операциялар, офтальмологиялық емдеу, қосалқы репродуктивтік технологиялар ем-шаралары, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрлік шетелдіктерден елімізде жасалатын мына операциялар мен медициналық рәсім түрлеріне сұраныс жоғары екенін мәлімдеді:
- Кардиология және кардиохирургия : аортокоронарлық шунттау (АКШ), жүрек қақпақшаларын протездеу және пластика жасау, коронарлық артерияларды стенттеу, аритмиялар кезінде радиожиіліктік абляция (РЖА), кардиостимуляторларды, оның ішінде кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау, қанайналымды қосалқы қолдау құрылғыларын орнату бойынша бірегей операциялар;
- Онкология: Асқазан-ішек жолы, өкпе және кіші жамбас ағзалары ісіктерін аз инвазивті әдістермен, оның ішінде лапароскопиялық және робот көмегімен алып тастау; сүт безі обыры кезінде ағзаны сақтайтын операциялар; жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия (томотерапия, TrueBeam); түпнұсқалық хаттамалар бойынша химиотерапия жүргізу;
- Ортопедия және травматология: жамбас және тізе буындарын толық және ішінара эндопротездеу, менисктер мен байламдарға артроскопиялық операциялар жасау, табанға реконструкциялық операциялар жасау, күрделі сынықтар кезінде металлоостеосинтез жүргізу;
- Нейрохирургия және неврология: ми және жұлын ісіктерін алып тастау, оның ішінде навигациялық нейрохирургия әдістерін қолдану; омыртқааралық дискілердің жарығын микрохирургиялық жолмен алып тастау; бекіту жүйелерін қолдана отырып омыртқаны тұрақтандыру; эпилепсия мен паркинсонизмді хирургиялық емдеу – миды терең стимуляциялау (DBS);
- Репродуктивтік медицина (ЭКҰ): экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламаларының толық циклі (ICSI, PGD – имплантация алдындағы генетикалық диагностика), суррогат ана болу және ооциттер донорлығы бағдарламалары;
- Гастроэнтерология және хирургия: лапароскопиялық холецистэктомия (өт қабын алып тастау), асқазан резекциясы және бариатриялық операциялар, асқазан-ішек жолындағы жаңа түзілімдерді эндоскопиялық жолмен алып тастау, бауыр мен ұйқы безіне аз инвазивті операциялар жасау.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде 4,5 мың шетелдік азамат ем алғанын жазғанбыз.