Шетелдіктерге жер беру талқыланған жоқ және қаралмайды да – Үкімет басшысы

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

Ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері шетелдік инвесторларға берілмейді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Үкімет басшысынан Батыс Қазақстан халқы қытайлықтарға жер беруге қарсылық білдіріп, үндеу жолдап жатқаны жайында сұрақ қойды.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов Қазақстанның Жер кодексінде шетелдіктерге немесе шетел компанияларына, сондай-ақ шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істеп жатқан қазақстандық компанияларға ауыл шаруашылығына арналған жерді пайдалануға беруге тыйым салынғанын еске салды.

«Мұндай құқық тек Қазақстан халқында ғана бар. Сондықтан шетелдіктерге жер беру қаралып жатқан жоқ және қаралмайды да. Бұл — біздің нақты ұстаным. Осы жөнінде Мемлекет басшысы нақты пікірін айтқан еді. Сондықтан шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатыр. Кейбір инвесторлар өздерінің ұсыныстарын айтқан. Бұдан әрі асқан жоқ, яғни ешқандай келісім жасалмаған», — деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев киік етін және өзге де бөліктерін өңдеу туралы сауалға жауап берген. 

Аймақ басшысы көрші елден инвестор келіп, зауыт салуға ұсыныс білдіргенін айтты.

Алайда жер беру туралы шешім болмаған.