Шетелге саяхатқа шыққанда нені есте ұстаған жөн
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Шетелге саяхатыңыз жақсы естеліктермен жадыңызда сақталсын десеңіз, қарапайым ережелерді ұмытпаңыз.
Жаз мезгілі – саяхат пен демалыстың уақыты. Бұл кезеңде көптеген азамат шетелге туристік сапарға аттанады. Алайда, басқа мемлекетке жолға шыққанда денсаулыққа қатысты қауіптер де арта түсетінін естен шығармаған жөн. Әсіресе, тропикалық аймақтарда кездесетін жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары.
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженова маңызды жадынама туралы айтты.
- Қазіргі уақытта ылғалды климатқа және тропикалық аурулардың жоғары концентрациясына байланысты Африка, Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия қауіпті елдердің қатарында. Бұл елдерде безгек, тырысқақ, денге қызбасы сияқты қауіпті инфекциялар тез жұғады. Бұл жұқпалы аурулар Қазақстанға тән емес болғанымен, шетелден әкеліну қаупі бар. Ауырған жағдайда ауыр өтіп, емдеуде қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан сапарға шықпас бұрын міндетті түрде барар елдің эпидемиологиялық жағдайымен танысып, дәрігерден алдын ала профилактикалық кеңес алу қажет. Жұқтырудың негізгі жолдарына ластанған су мен тағам, масалардың шағуы, науқас адамдармен тікелей байланыс және жыныстық жол жатады. Мысалы, тырысқақтан сақтану үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған су ішу, көкөністер мен жемістерді мұқият жуып, қайнаған сумен шайып пайдалану, қолды жиі сабынмен жуу – басты талаптардың бірі», - дейді департаменттің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженова.
Маманның айтуынша, Африка, Азия, Латын Америкасы сияқты елдерге саяхаттап барғанда безгек пен денге секілді маса арқылы таралатын аурулар бар. Олардан қорғану үшін жабық киім киіп, теріні жәндіктерден қорғайтын репелленттер жағу, москит торларын пайдалану, сондай-ақ фумигаторлар мен арнайы аэрозольдерді қолдану қажет. Ауру белгілері байқалған жағдайда, өз бетінше емделуге болмайды – дереу дәрігерге қаралған жөн.
- Сонымен қатар, жолға шығар алдында жеке қорғаныс құралдары мен дәрілік қобдишаны дайындап алу маңызды. Жауапкершілікпен қарасаңыз, демалысыңыз тек жағымды әсермен ғана емес, денсаулығыңызды нығайтумен де есте қалады, – дейді санитар дәрігер.
Бұған дейін Петропавлдан Мысырға тікелей рейс қайта жанданғанын жазған едік.