Шетелге шығатын туристің мүлкі сақтандырылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда шетелге шығатын туристің мүліктік мүддесі міндетті сақтандырудан өтеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған еліміздің Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Туроператордың немесе турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы қолданыстағы заңнама туристердің мүддесін мүлдем толық қорғамайды. Қазіргі кезде туристер сақтандыру төлемін шетелден қайтып келгеннен кейін және соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша алады. Сақтандыру оқиғасы басталғанда турист шетелде қорғалмайды. Туристің сақтандыру төлемін алу құқығы пайда болатын оқиғалардың толық тізбесі жоқ. Зардап шеккен туристің мүддесін қорғау үшін сақтандыру өтемінің сомасы да бірдей емес», - деді ол.

Оның айтуынша, сақтандырудың осы санатының шығынды болуына байланысты осы қызметпен айналысуға лицензиясы бар 17 сақтандыру ұйымының 10-ы рұқсаттарын кері тапсырған

«Қазақстандық туристерді қорғау мақсатында Заң жобасы шет елге шығатын туристің мүліктік мүддесін міндетті сақтандыруға өтуді көздейді. Міндетті сақтандыру бағдарламалары халықаралық талаптар мен өнімдерге сай келеді және туристің өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты базалық әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды. Қамту есебінен сақтандыру құны жоғары емес, күніне 340 теңге, сақтандырумен қамту - 3,4- 17 млн теңге аралығында болады», - деп түсіндірді Ұлттық банктің басшысы.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев аталған Заң жобасы Үкімет мүшелері тарапынан толық қолдауға ие болғаннан кейін, құжатты бір айдың ішінде Мәжіліс қарауына енгізуді тапсырды.