Шетпе оқиғасына қатысты айыпталушылардың басым көпшілігі сот залынан ақталып шықты - Ж. Маханбетова

None
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Шетпе стансасындағы оқиғаға қатысты айыпталушылардың басым көпшілігі сот залынан ақталып шықты деуге негіз бар.

Бүгін Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық сотының аталған оқиғаға қатысты үкіміне байланысты ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Маңғыстау облыстық Азаматтық альянс президенті Жақсыгүл Шахзадақызы Маханбетова осындай пікір білдірді.

«16-17 желтоқсанда Шетпеде орын алған оқиға бойынша 1 айдан астам уақыт бойы сот процесі жүрді. Бұл сот үдерісі ашық, жан-жақты қызығушылық танытқан тараптардың қатысуымен өтті. Облыстық, республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі өкілдердің қатысуына толық мүмкіндіктер қаралды. Сондай-ақ, сот үдерісі барысындағы жайттардың баршасы дерлік республика көлеміндегі басылымдарда жарияланып отырды. Сондықтан да, сот барысы ашық өтті  деп айтуға толық негіз баршылық», - деді Жақсыгүл Маханбетова. Сондай-ақ, облыстық альянс басшысы Шетпе оқиғасына қатысты бүгін жарияланған сот үкіміне тоқтала келе, ол бойынша айыпталушылардың басым көпшілігі сот залынан ақталып шыққанын атап өтті.

«Айыпталушылардың көпшілігінің кінәлі екендігі толық дәлелденген жоқ. Шартты  жаза алушылардың да басым бөлігі Елбасының жарлығымен бекітілген Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізіліп жатқан рақымшылыққа ілініп отыр. 4-7 жылдарға дейін үкім жазасы кесілгендер де болды. Олардың өзінде үкім шыққаннан кейінгі күндері әлі де шағымдануға құқықтары бар», - деді Ж. Маханбетова.