Шетпедегі заңсыз қоқыс төгуді, карьер жұмыстарын жүргізуді доғару керек - Тоқаев

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының халқы өндірістік қалдықтар суды және ауаны ластап жатқанын айтып, жиі дабыл қағады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАзот», «МАЭК-Қазатомпром», «CASPI BITUM», «Маңғыстаумұнайгаз» сияқты мекемелердің үстінен шағым түсіп жатыр. Әрине, табиғатқа залал келтіргені үшін салынған айыппұлдың көлемі экологияға тиген зардаптың орнын толтырмайды.

Бұл компаниялардың қоршаған ортаны қорғауға, ескірген құрал-жабдықтарды жаңартуға, заманауи тазалау технологиясын орнатуға қатысты міндеттемелері бар. Экология министрлігі кәсіпорындардың Экологиялық кодексті сақтауын қатаң бақылауға алуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Ол «Қошқар-Атадағы» қалдық қоймасын ретке келтіру – аса маңызды жұмыс екенін алға тартты.

«Онда 66 шаршы шақырым жерге 100 миллион тоннадан аса зиянды қалдық көмілген. Былтыр онда менің тапсырмам бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылға дейін жүзеге асырылады. Оған қажетті қаржы толығымен бөлінді. Жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстау қажет.

Өкілетті органдар қазірден бастап жобаның екінші бөлігін дайындай бергені жөн. Шетпедегі заңсыз қоқыс төгуді және карьер жұмыстарын жүргізуді доғару керек. Бұл қалдықтарды жою жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. «SAT Operating Aktau» компаниясынан қалған қауіпті химиялық қалдықтарды жоюға және көмуге баса мән берген жөн», - деді Қасым-жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы б ұрынғы Химия гидрометаллургия зауытының радиациялық қалдықтарын да залалсыздандыру керектігін атап өтті. Бұл қалдықтар тұрғындар мен табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін.

«Осы мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қаракөл жасанды көлі – Маңғыстау облысындағы ерекше көрікті жер. Бұл жерге көктемде және күзде құс көп келеді. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаз бар. Экологтар көлдің тартылып бара жатқанын айтып жүр. Ондағы ахуалдың өзгеруін жұрт Шора каналына салынып жатқан көпірмен байланыстырады. Осы мәселені шешудің түрлі жолдары бар. Үкімет оны мұқият зерттеуі қажет», - деді Президент.

Оның пайымынша, бөгенді сақтау өте маңызды. Жердің шөлейттенуі – өңірдегі өте өзекті мәселенің бірі.

«Топырақ жылдан жылға құнарсызданып барады. Көшпелі құм тұтас ауылдардың тыныс-тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін. Жердің шөлге айналуын тоқтату үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ оның тиімділігі шамалы болып тұр.

Бұл ретте, сексеуіл егу ісі тиімді болып отыр. Бұл аймаққа іргелес елдерде де осындай жұмыс жақсы нәтиже көрсетуде. Өңірдің экологиялық мәселелері бойынша тәуелсіз экологтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және кәсіпорын өкілдерімен бірлесе жұмыс істеу қажет. Бұл жұмысқа жоғары білікті халықаралық сарапшыларды тарту маңызды», - деді Қ.Тоқаев.

Ол қ ұзырлы органдар ашық және тиімді шешім қабылдаса, мемлекеттің, бизнес пен азаматтардың өзара жауапкершілігі жоғары болса, өңірдің экологиялық ахуалын айтарлықтай жақсартуға болады деген сенімде.

«Өңірді дамытуға қатысты негізгі басымдықтар – осындай. Әкімдік пен Үкімет бірлесіп, осы айтылған мәселелерді қарап, тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», - деді содан соң.